Техастан Канзас-Ситиге дейін: АҚШ-та әлемдегі ең ұзын найзағай рекордына түзету енгізілді

Фото: Edward Mitchell

АСТАНА. Kazinform — Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының (ДМҰ) мәлімдемесіне сәйкес, 2017 жылдың қазан айында АҚШ-тың Техас пен Канзас штаттары арасында байқалған ұзындығы 829 шақырымды құрайтын найзағай ең ұзын найзағай бойынша жаңа әлемдік рекорд ретінде тіркелді, деп хабарлады ДМҰ 31 шілде күні. 

— Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым ең ұзын найзағай бойынша жаңа әлемдік рекордты тіркеді. Құрама Штаттардағы танымал дауыл аймағында 829 шақырымға жеткен (515 миль) таңғажайып найзағай ойнауы байқалды. Бұл үлкен найзағай 2017 жылдың қазан айында Техастың шығысынан Канзас-Ситиге дейінгі аумақты қамтыды. Қашықтық Еуропадағы Париж бен Венеция арасындағы қашықтықпен бірдей. Осындай қашықтықты жүріп өту үшін көлікте шамамен сегіз-тоғыз сағат, ал коммерциялық ұшақта кемінде 90 минут кетеді, - делінген құжатта.

Жаһандық төтенше оқиғалар туралы ресми деректерді сақтайтын ДМҰ-ның Ауа-райы және климаттық төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті де соңғы жасанды жер серігі технологиясын пайдалана отырып, бұл жаңа рекордты растады.

Фото: ДМҰ

829 шақырым (515 миль) жаңа рекордында ± 8 шақырым (5 миль) қателік шегі бар. Бұл 2020 жылдың 29 сәуірінде Америка Құрама Штаттарының оңтүстігінде 768 ± 8 шақырым (477,2 ± 5 миль) қашықтықта орнатылған рекордтан 61 шақырымға артық. Демек, бұл рекордқа одан 3 жыл бұрын орын алған оқиға арқылы түзету енгізіліп отыр.

— Бұл жаңа рекорд табиғи апаттардың керемет күшін айқын көрсетеді. Сонымен қатар, ДМҰ-ның осы рекордтық деңгейдегі төтенше экологиялық оқиғаларды бағалауы мұндай оқиғаларды бақылау, құжаттау және бағалаудағы елеулі ғылыми жетістіктерді көрсетеді. Бұл жерде неғұрлым ауыр экстремальды оқиғалар болуы мүмкін және уақыт өте келе найзағайдың жоғары сапалы өлшемдері жинақталғандықтан, біз оларды бақылай аламыз, — деді ДМҰ ауа-райы және экстремальды климаттық оқиғалар жөніндегі баяндамашысы Рэндалл Червенья.

Еске сала кетейік, Үндістанның шығысында найзағай соғуынан 33 адам қаза тапты.