Мемлекет басшысының сөзі қаладағы барлық жетекші жоғары оқу орындарында тікелей трансляцияланды. Елбасының дәрісін Алматы энергетика және байланыс институтының студенттері мен оқытушылары да тыңдады.
«Елбасы өз дәрісінде электр энергетикасы туралы көп айтты. Шын мәнінде, энергиямен қамтамасыз ету мәселесі жаһандық экономикада үлкен роль атқарады. Және келешекте біздің жұмыссыз қалмайтынымызды, «инженер» мамандығының келешегі мен кемелдігі туралы айтқан Елбасының сөзі электр энергетикасы факультетінің студенті ретінде мені қатты қуантты», деді Алматы энергетика және байланыс институтының электр энергетикасы факультетінің 4-ші курс студенті Дәурен Қастықбаев.
Ал оқу-әдістемелік бөлімінің бастығы, «Электр берілісі және өнеркәсіптік қондырғыларды автоматтандыру» кафедрасының меңгерушісі, Алматы энергетика және байланыс институтының техникалық ғылымдар докторы Марат Мұстафиннің айтуынша, Президент ғылыми зерттеулерден бастап өндірістерге ғылыми жобаларды енгізуге дейінгі қысқа жолды көрсетті. «Бұл мәселе әрқашан күрделі болатын, ал енді бізге нақты жол көрсетілді, біз тек жұмысты жалғастыруымыз керек. Дәрістен алған әсерлер мол. Серпінді жобалар қатарында электр энергетикасы мен ақпараттық технологиялардың аталғаны қуантып отыр. Бұл дәл біздің институт айналысып отырған істер. Институт түлектерінің өздеріне әрқашан жұмыс таба алатындығына сенімдімін. Елбасы айтқан техникадағы серпіннің міндетті түрде жүзеге асатындығына сенемін», дейді М.Мұстафин.