Астана қалалық прокуратурасының хабарлауынша, қаскүнем кафе, компьютерлік клубтар мен дүкендерді аралап жүріп, өзін кондиционерлерді, бейнекамераларды, ауа тартқыштарды жөндейтін маман ретінде таныстырған.
- Ол әдейі және пайдакүнемдік ниетпен әрекет етіп, мекеме қызметкерлері мен иелерін адастырып, техникалық қызмет көрсетіп жатқандай көрініс қалыптастырған. Жәбірленушілердің сеніміне кірген соң, олардың ірі ақшаларын ұсақ ақшаға айырбастап беруді ұсынып, ұсақ ақша өзінің автокөлігінде бар екенін айтып, сол жерде қашып кеткен, - делінген хабарламада.
Алаяқтың әрекеттерінен 18 адам зардап шегіп, жалпы сомасы шамамен 3 млн теңгенің көлемінде шығын келтірілген. Ол қаражатты алаяқ жеке қажетіне жұмсаған.
Прокурор ұсынған дәлелдер негізінде сотталушының кінәсі толықтай дәлелденді. Сот үкімімен ол 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Материалдық залал өндірілді. Үкім заңды күшіне енді.
Осыған дейін Ішкі істер министрлігі азаматтарға концерттер мен бұқаралық іс-шараларға билеттерді сатып алу кезінде алаяқтардың әрекетінен мұқият болуға шақырғаны туралы жаздық.