Техникаларды импорттаушылардан түскен кәдеге жарату төлемдері қайда жұмсалады
АСТАНА. KAZINFORM — Көлік құралары мен ауыл шаруашылығы техникаларын импорттаушылардан түскен кәдеге жарату төлемдері қайда жұмсалады? Мәжіліс депутаттарының осы сауалына Премьер-Министр Олжас Бектенов жауап берді.
— Экология кодексіне сәйкес, отандық көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер төлеген кәдеге жарату төлемі қатаң түрде 14 бағыт бойынша жұмсалады. Көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы техникасын және өзге де тауарларды импорттаушылар кодекске сәйкес және 2021 жылғы 2 қыркүйектегі № 604 Үкімет қаулысы негізінде төлеген 339,5 млрд теңге мөлшеріндегі қаражат «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қоршаған орта мен экологияны қорғауға бағытталған міндеттерді шешуге жіберіледі, — деді Үкімет басшысы жауабында.
Премьер-Министр жауабына қосымша берілген анықтамаға қарағанда аталған қаражат мыналарға жұмсалады:
— орман өртінің алдын алу және оларды сөндіру үшін өрт сөндіру техникасын сатып алуға — 35 млрд теңге (196 бірлік өрт сөндіру техникасы);
— ТЖМ және СРИМ үшін техника сатып алуға — 50 млрд теңге (700 бірлік арнайы техника);
— қатты тұрмыстық қалдықтар жобаларына — 42,5 млрд теңге (9 жоба);
— отандық өндірістің жеңіл көлік құралдарын сатып алу үшін жеке тұлғаларды жеңілдікті автонесиелеуге — 100 млрд теңге (13 347 бірлік);
— отандық ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингіне– 50 млрд теңге (1 729 бірлік);
— Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператордың отандық өндірістің жол-пайдалану техникасын сатып алуға — 17 млрд теңге (381 бірлік);
— отандық автобустардың жеңілдікті лизингіне — 45 млрд теңге (1432 бірлік).
— Бұдан басқа, аталған қаражат есебінен қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу бойынша «EcoQolday» бағдарламасы іске қосылды. ҚТҚ полигондарын салу бойынша жобалар іске асырылуда. Осылайша, кәдеге жарату төлемдерін төлеудің қолданыстағы тетігі өзінің тиімділігін көрсетті және қоршаған орта мен экологияны қорғауға бағытталған, — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Үкімет қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасын әзірлейтінін,
кәдеге жарату төлемдері өңірлерде қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салуға жұмсалуы мүмкін екенін жазған едік.