Техникалық регламентті бұзғандарға әкімшілік іс қозғалды – комитет

Техникалық реттеу және метрология комитеті биыл 10 айда атқарылған жұмысты қорытындылады, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Біздің комитеттің жергілікті департаменттері келесі бағыттар бойынша мемлекеттік бақылау жүргізеді. Техрегламенттің 34 түрі бойынша өндірістік өнімнің талапқа сай болуы, өнімді өлшеу құралдарын тексеру, зертханалар мен сертификаттардың болуы және зергерлік бұйымдарды сату процесі. Сонымен қатар «Атамекеннің» өңірлік палаталары мен сарапшы-аудиторларын бақылау», - деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет басшысының айтуынша, биыл 10 айда 4060 бақылау іс-шарасы өткізілді. Оның 3333 жағдайында бұзушылықтар анықталған.

«Өткен жылмен салыстырғанда биыл бақылау шаралары көбейді. Атап айтқанда 175 жоспардан тыс тексеру, және басқа мемлекеттік органдармен бірлескен 253 тексеру жүрді. Нәтижесінде олқылықты жоюға 104 ұйғарым берілді. Жалпы сомасы 200,273 млн теңгеге әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар 274 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды», - дейді ол.