Техникалық ақауы бар ұшақ Павлодардан Астанаға ұшпады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «SCAT» авиа компаниясының CRJ-200 ұшағы Павлодар әуежайында қалды, әуе кемесі бүгін 9:10-да елордаға ұшуы тиіс еді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«SCAT» компаниясының ұшағы Павлодардан Астанаға 9:10-да ұшуы тиіс еді, деп қоңырау шалды Павлодар әуежайы. Алайда, техникалық ақау туындап, оны реттейтін маман Павлодардан табылмады. Ақауды түзету үшін бүгін 14:15-те «Эйр Астана» ұшағымен Алматыдан инженерлер келеді.

«SCAT» авиакомпаниясының өзі баспасөз парағын әзірлеп, ресми түрде хабар таратты: «Павлодар - Астана» бағытындағы  «SCAT» әуе компаниясының № 720 рейсін ұшар алдында дайындықтан өткізу кезінде қосымша техникалық қызмет қажет болды. Осыған байланысты, ұшу уақытын Астана уақытымен 15:30-ға ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Барлық жолаушыларға хабар берілді, заңға сәйкес оларға ыстық тамақ ұсынылады. Ұшу уақытындағы өзгерістер туралы жолаушыларға қосымша хабарланады.

Келтірілген ыңғайсыздықтар үшін авиакомпания жолаушылардан кешірім сұрайды және компанияның жолаушылар қауіпсіздігіне бей-жай қарамайтындығын ескеріп, түсіністікпен қарауды сұрайды».