Техникалық бағыттар бойынша мамандар даярлаймыз- Марат Сырлыбаев

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің кеңейтілген отырысында еліміздің алдында тұрған басты міндеттің бірі – салауатты, саналы да білімді, ақыл-парасаты мол және ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу екендігін ерекше атап өтті.

Бұл барлық қоғам дамуының маңызды факторы. Негізгі басымдық – сапалы білімге деген қолжетімділікті арттыру. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты Марат Сырлыбаев осылай дейді, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент осы міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкіметке білім гранттарының санын көбейту, шалғай аймақтарды білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету және елімізде шет елдің озық университеттерінің филиалдарын ашу тәрізді тапсырмалар берді. Оның ішінде техникалық мамандықтарды игеру қажеттігіне тоқталды. Осы ретте Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде педагогикалық мамандықтардан басқа, бірнеше техникалық бағыттар бойынша мамандар даярланатынын ерекше айтқым келіп отыр. Олардың ішінде тау-кен өндіру және қайта өңдеу өнеркәсібі, инженерлік және көлік, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салалары бар. Бұған қоса, құрылыс, машина жасау, көлік, тау-кен ісі, қайта өңдеу технологиялары салаларына да мамандар даярлаймыз», - дейді Марат Сырлыбаев.

Ректордың айтуынша, өткен жылы техникалық мамандықтар бойынша аталмыш университетті 211 түлек аяқтап шыққан. Олардың жұмысқа орналасу көрсеткіші орташа есеппен 85 пайызды құрады. Бұл – жоғары көрсеткіштердің бірі. Қазіргі уақытта осы салада 1057 студент білім алып жатыр. Оның ішінде «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 225 студент блім алып жатыр.

«Студенттеріміз жыл сайын «Алтынтау – Көкшетау», «Тыныс» акционерлік қоғамдары мен «КАМАЗ-Инжиниринг», «Казростинжиниринг», «Базис Б», «Кокшетаугорсельпроект», «Алуа-строй», «Регион-строй», «Агромер Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде және ірі тау-кен байыту комбинаттары мен құрылыс фирмаларында, өңірдің басқа да жетекші кәсіпорындарында тәжірибеден өтеді. Өндіріс орындарында тек қана техникалық мамандықтар бойынша кафедраларымыздың 10 филиалы жұмыс істеуде. Ал, барлығын қоса алғанда, мұндай филиалдар бізде 29. Мұның өзі университетіміз мамандарды даярлауда өңірдегі ірі кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқандығын білдіреді», - деп толықтырды Марат Сырлыбаев.

Ректор атап өткендей, бүгінгі күні аталмыш оқу орнының қатысуымен «Тыныс» және «Тио-лайн» акционерлік қоғамдарында 200 миллион теңгені құрайтын 3 ірі жоба жүзеге асырылуда. «Құрылыс» мамандығының студенттері Ресей Федерациясының Томск мемлекеттік құрылыс университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша бір семестр білім алып келді. Сонымен қатар, техникалық мамандарды даярлауды күшейту мақсатында 2021 жылы Санкт-Петербургтен профессор Талал Авад сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша университет студенттеріне дәріс оқып, профессор-оқытушылармен тәжірибе алмасты. Бұл тәжірибе әлі де жалғаспақшы. Осы мақсатта 2022 жылға шақырылатын шетелдік профессорлардың тізімі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне бекітуге жолданды.

«Президенттің сөзінде айтылғанындай, қоғамның дамуында білім беру және мәдениет саласын да естен шығаруға болмайды. Әсіресе, бірінші кезекте жастар білімді болуы керек. Өйткені, білімді азаматтар шынайы кәсіби бәсекелестікте мерейі үстем болып, табысты және лайықты өмірге көбірек қадам жасай алады. 60 жылдық тарихы бар іргелі білім ордамыз өзінің алдағы даму бағытын тек қана Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың жаңа бағыттағы жаңа Қазақстанның алдына қойған маңызды міндеттерімен байланыстырып отыр», - деп түйіндеді Марат Сырлыбаев.