Техникалық байқау орталықтары арнайы рұқсат алуға міндеттеледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бұдан былай көліктерді техникалық байқаудан өткізетін операторлар жасандылыққа жол берсе, бірыңғай ақпараттық жүйе мамандары әкімшілік жауапқа тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көлікті міндетті техникалық байқаудан өткізу мәселелеріне арналған кеңесте осындай ұсыныс айтылды.

«Кеңес барысында техникалық байқау кезінде туындайтын арнайы бағдарламаны бұзу, жалған деректер жіберу, фотошоп, көлік құралынсыз техникалық байқау өткізу сияқты проблемаларды болдырмау және техникалық байқауды жүргізу тәртібін жетілдіру бойынша қабылданатын шаралар талқыланды. Мемлекеттік орган өкілдері мен бизнес өкілдері қозғалыс қауіпсіздігіне, елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға, «Техбайқау» жүйесінің ақпараттық қауіпсіздігін күшейту, заңбұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту, техникалық байқаудың барлық операторларына мерзімді тексерулер жүргізу сияқты көптеген ұсыныс берді», -деп жазады ведомствоның баспасөз қызметі.

Аталған ұсыныстар Техникалық байқауды өткізу тәртібін жетілдіруге бағытталған жол картасына енуі мүмкін. Аталмыш карта бойынша бұдан былай техникалық байқау жүргізетін операторлардың іс-қимылы цифрлық технологияларды арқылы бақыланатын болады. Фотошоппен құжат жасаудың жолын кесу үшін техникалық байқау құжатына түсірілетін фотобейнеге де қосымша талаптар қойылады. Сондай-ақ, техникалық байқау операторларының әкімшілік жауапкершілігін қатаңдату, «Техникалық байқау» бірыңғай ақпараттық жүйесінің операторына қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізу, техникалық байқау орталықтарын ашуға рұқсат алу талабы енгізілмек.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова техникалық байқауды жетілдіру мәселелерін жұртшылықпен талқылауға дайын екендерін айтты. Халықтың ұсыныстары d.atoshev@miid.gov.kz электрондық поштасы арқылы қабылданады.