Техникалық реттеу және метрология комитеті 200-ге тарта жалған сертификатты тексере бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жалған сертификатпен тауар сататын коммерциялық ұйымдар тексерілетін болады. Бұл туралы Инвестициялақ және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінен хабарланды.

Айта кетерлігі, жақында комитетте сәйкестік сертификатын беру жөніндегі процедуралардың сақталуы мәселелеріне арналған кеңес өткен. Онда тауарлар мен өнімдердің Еуразиялық экономикалық одақ пен ұлттық заңнама талаптарына сәйкестігінің сақталуы үшін шараларды оңтайландыру мәселесі талқыланған болатын. Осыған орай, мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан сертификаттардың сәйкестігін анықтау, сәйкестікті растау бойынша органдардың заңсыз әрекеттерінің алдын алуға бағытталған бірлескен іс-шаралар жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, кедендік және басқа да органдармен бірлесе отырып, кәсіпкерлерді алдау арқылы жалған сәйкестік сертификаттарын беруге қатысты күмәнді қызметтер ұсынатын заңсыз әрекеттердің жолын кесу жұмыстары жандана түспек.

«Техникалық реттеу және метрология комитеті Кедендік басқару департаментімен бірлесе отырып, кеден органдарының мәліметтер базасындағы екі жүзге тарта күмәнді сертификаттарды тексеру жұмыстарын бастады. Негізгі ақпараттар «Қазақстанның сәйкестікті бағалау жөніндегі органдар қауымдастығы» Заңды тұлғалар бірлестігінен түсіп отыр», - делінген баспасөз баянында.

Осыған орай, мамандар кәсіпкерлерге сәйкестік сертификатын тез әрі арзанға істеп беруді ұсынатын тұлғалардың күмәнді қызметіне ұрынбауды ескертеді. «Өйткені, сәйкестікті бағалау процедурасы белгіленген тәртіппен жүзеге асады, ал сертификат дұрыс болмаса әкімшілік айыппұл да салынады. Сосын заңсыз қызметтер көрсетуі анықталған тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады», -делінген баспасөз баянында.