Техникалық университеттегі супер компьютер орталығының ашылуына да Елбасының тікелей қамқорлығы себепкер болып отыр - Ж.Түймебаев

None
АЛМАТЫ. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да бүгін ашылып отырған ғылыми орталық елімізде бұрын-соңды болмаған.

Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев аталмыш университеттегі «Ұжымдық ақпараттар қолдану және космостық технологиялар ұлттық ғылыми зертхана» орталығының тұсаукесер рәсімі барысында айтты.

Ж.Түймебаев мұндай нәрсені көпшілік бұрын тек естіп және алдыңғы қатарлы елдерде ғана болады деп ойлап келгендігін айтып өтті. «Мінекей, сол үлкен мүмкіндігі бар супер компьютер ҚазҰТУ-да орнатылып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен соңғы жылдары қазақстанның ғылыми-зерттеу орталықтары мен ЖОО-да ұлттық зертханалар ашылып жатыр. Оған арнайы қаржы бөлінді. Мінекей, бүгінгі техникалық университеттегі ашылып отырған супер компьютер орталығына да Елбасының тікелей қамқорлығы себепкер болып отыр. Елбасымыздың алдына қойған үлкен мақсаты - біздің ғылым мен біліміміздің халықаралық стандарттарға сай болуы. Осы орайда біз, білім, ғылым саласындағы қызметкерлер біріге отырып бар күшімізді салуымыз қажет. Өйткені жаһандық білім мен ғылым кеңістігінен бізге сырт қалуға болмайды», деп атап өтті өз сөзінде министр.