«Технологияларды коммерциализациялау» жобасын Астана қаласында іске қосуға арналған симпозиум өтуде

АСТАНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -«Технологияларды коммерциализациялау» жобасын Астана қаласында іске қосуға арналған симпозиум өтуде.

Аталмыш шараны Қазақстан Респібликасының Білім және ғылым министрлігі Бүкіләлемдік банктің Қазақстандағы өкілдігімен бірлесе отырып ұйымдастыруда. «Технологияларды коммерциализациялау» жобасы ғылыми қызметке жаңаша көзқарас қалыптастырып, оның әлеуметтік-экономикалық даму шараларына қосатын үлесін арттыру болып табылады. Оның үстіне ғылыми жаңалықтар мен жетістіктерге деген жаңаша көзқарас - ғылыми зерттеулер мен жеке сектордың арасындағы маңызды байланыстарды қалпына келтіреді деген үміт бар. Өз кезегінде ол елдегі инновациялық қызметтің тиімділігін арттырып, оның нәтижелерін коммерциализациялауға мүмкіндік береді. Жоба үкіметтің ел экономикасын диверсификациялау мен Қазақстанның аймақтық және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы шаралар негізінде үйлестірілген.

Симпозиумның ашылу барысында сөйлеген Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың сөзіне қарағанда, аталмыш жоба алдағы уақытта халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланатын бәсекеге қабілетті ғылымның дамуына және жаңа талантты, жас ғалымдардың танылуына ықпал етеді. «Мен Үкімет пен Бүкіләлемдік банктің ғылыми зерттеулердің нәтижелерін әлемдік нарыққа шығару бағытындағы бірлескен қимылдары тиімді әрі қажет уақытында қолға алынған шара деп білемін», - деді министр.

Жиын барысында технологияларды коммерциализациялау жобасының елімізде жүзеге асырылу жолдары жөнінде баяндалды. Сондай-ақ симпозиумға қатысушылар жобаны жүзеге асыруға қатысты қалыптасқан мәселелер жөнінде өзара пікір алмаспақ.