Технологиялық бизнес-инкубатор бағдарламасы шеңберінде Астана технопаркі былтыр 10 жобаға қолдау жасады

АСТАНА. 3 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Технологиялық бизнес-инкубатор бағдарламасы шеңберінде Астана технопаркі былтыр 10 жобаға қолдау жасады.

Бұл туралы бүгін аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысы туралы өткен баспасөз мәслихатында «Астана қаласы өңірлік технопарк» ЖШС директоры Мұрат Ақшалов мәлім етті.

«Былтырғы жылы технологиялық бизнес-инкубатор бағдарламасы шеңберінде 36 жоба мақұлданса, соның 10-ы Астана технопаркі арқылы жүзеге асты. Былтыр бұл жоба ілкі болғанымен, инноваторлар қоғамы арасында үлкен резонанс тудырды. Бізге 29 өтініш келіп түскен болатын, соның ішінде сараптамалық кеңеспен 10-ы қолдау тапты», - деді Мұрат Ақшалов.

Оның айтуынша, аталған бағдарлама кәсіпкерлер үшін бірегей қолдау болып табылады. Өйткені, кәсіпкер-инноваторлар өздерінде туындаған идеяларды іс жүзіне асыруға мүмкіндіктері болмай жататын жағдай жиі кездеседі. Оның үстіне кейбір жобалар тәуекелді сипат алғандықтан, оған бел шешіп кірісе беретіндер де көп емес. Сондықтан да, инноваторлар технопарктерге өтінішпен барса, олардың инновациялық сипаттағы идеяларына қолдау жасауға жәрдем болады.

«Бүгінгі күні инновациялық жобалардың жеміс бере бастағандарын да атауға болады. Мәселен, Мәскеудегі физика институын тамамдаған, ақпараттық технология саласында қызмет ететін бір топ жас жігіт Астана технопаркіне өтінішпен келген болатын. Олардың ақпараттық саладағы инновациялық жаңалығы - сымсыз ғаламтор байланысына қолжетімділік жүйесін жақсартып, пайдаланушылар үшін икемді ете түсуге бағытталған еді. Негізі осы нарықта ұсынылатын операторлардың қызметі көп жағдайда тұтынушылардың көңілдерінен шықпай жататыны белгілі. Сондықтан да, бұндай олқылықтың орнын толтыру үшін жас жігіттердің жаңалығын қолдап, биллингтік жүйені нарыққа енгізу үшін оларға техникалық жағдай жасадық. Тағы бір жобаны қолдау арқасында еліміздегі бір компания инновациялық бояу түрлерін жасап шықты. Олардың жаңалығы - әзірлеген бояулары отқа төтеп береді, темірге, ағашқа сырланған ондай бояу өртті біршама уақыт тежеу қабілетіне ие. Яғни, жаңадан табылған бояумен сырланған ағаштар біршама уақыт өртке бой бермейді. Жас ғалымдар нано-технология деңгейінде бұндай бояуды ойлап тапқан соң, бізге өтініш жасады. Өйткені, оларға техникалық қолдау, зияткерлік меншіктерін қорғау қажеттілігі туындаған болатын. Инкубациялау бағдарламасының арқасында олар Зияткерлік меншік институтынан инновациялық патент алатыны туралы 4 хабарлама алды. Яғни, қазақстандық инноваторлар бизнес-инкубатор бағдарламасы арқылы өздерінің зияткерлігін қорғап, инновациялық патент алып отыр. Бояулары сынақтан өтті, сараптамалық қорытындылары да алынды. Енді бұндай өнімді шығару үшін инвесторлар тартылып, елімізде өндіріс қуаты қолданысқа енетін болады», - дейді М. Ақшалов.