Технопарктерге салықтық жеңілдіктер керек - Мәжіліс

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы өтіп, онда еліміздегі технопарктер қызметін жетілдіру мәселелері қаралды.

Жиын барысында комитет мүшесі Уәлихан Бишімбаев, 2004-2009 жылдар аралығындағы еліміздің технопарк қызметіне жасалған сараптамалық зерттеулердің қорытындысын жария етті. Аталған зерттеу барысында ұйымдастыру жұмыстарында бірқатар жүйелі кемшіліктер анықталған. Мәселен, депутаттың айтуынша, технопарктерде жарғылық капиталды қалыптастыру, инфрақұрылым құру мәселелері күрделі күйінде қалып отырғаны белгілі болған. «Өңірлердегі технопарктерде жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу институттарымен, сондай-ақ бизнес ортамен өзара тығыз байланыс қамтамасыз етілмей келеді. Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында зияткерлік меншікті пайдалану практикасының жоқтығына орай, көптеген қарама қайшылықтар да орын алып отыр», - дейді депутат У. Бишімбаев. Осыған орай, комитет депутаттары «Индустриалдық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынады.

Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаттары инновациялық үдерістің барлық қатысушыларына технопарктер құруға мүмкіндіктер беруді ұсынады. «Ал технопарктерге тиісті салықтық жеңілдіктер қаралғаны игі», - дейді депутат У. Бишімбаев.