Техреттеу және метрология комитеті 6 ай ішінде тауар сапасына байланысты тәртіп бұзушыларға 250 млн теңгеден астам айыппұл салған

АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің соңғы 6 ай ішінде түрлі нысандағы жекеменшік шаруашылық субъектілерінде өлшем құралдары жағдайын және пайдаланылуына, техникалық регламенттер талаптарының сақталуына жүргізген тексерістері нәтижесінде талаптарды бұзушылар жалпы көлемі 250 540 020 теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында комитет төрағасы Рыскелді Сәтбаев мәлім етті.

Оның айтуынша мұндай тексерістер барлығы 1 477 нысанда өткізіліп, олардың 858-інен талапқа сай емес тауарлар табылған.

Сонымен қатар, барлық түрлі тексерістердің нәтижелері бойынша сапасы төмен, таңбалаусыз және сәйкестік сертификаттары жоқ 977 261 мың теңге сомасындағы түрлі өнімнің 4 986 партиясын іске асыруға тыйым салынған.

Комитет төрағасының айтуынша, азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға жүргізілген 327 тексерістің 191 жағдайында бұзушылықтар анықталса, балалар ойыншықтарын сататын орындарға жүргізілген 46 тексеріс нәтижесінде 33 заң бұзушылық байқалған.