«Тек бидай өсіруден береке табамыз ба?» - республикалық басылымдарға шолу

None
АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 20 сәуір, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында Украина астанасы Киевте мемлекеттік сапармен жүрген Елбасының Чернобыль АЭС-індегі апатқа 25 жыл болуына орайластырыла ұйымдастырылып, атом қуатын қауіпсіз және инновациялық мақсатта пайдалану мәселелеріне арналған саммитке қатысқандығы жөнінде жазады. Онда Мемлекет басшысы арнайы сөз сөйлеп, Чернобыль апаты жөнінде баяндайды. Сонымен қатар Елбасы алқалы жиында Чернобыльге пара-пар келетін 456 жарылыс жасалғаны жөнінде де айтқан. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Ядролық қуатсыз даму жоқ» атты мақалада.

Сондай-ақ осы басылымның бетінде әйгілі ғалым, академик Кенжеғали Сағадиевтің «Экономика - елдік тұғыры» атты кең көлемді мақаласы жарияланды. Автор онда Қаақстан экономикасының қалыптасу жылдары мен оның даму тарихына көз жүгірте отырып, ел экономикасының бүгінгі жетістігі мен болашағына терең сараптама жасаған. Ол туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санынан білуге болады.

***

«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Ерекше қондырғы ойлап тапқан оқушы» атты мақала жариялап, ақжолтай жаңалық жеткізіпті. Басылымның жазуынша, еліміздегі саяси зерттеулер институты жақында коммуналдық қызметтерге баға мен тарифтердің өсуі қазақстандықтардың 64,5%-ын алаңдататынын мәлімдеді. Бұны олар социологиялық зерттеу жүргізу барысында анықтаған көрінеді.

Алаңдамай қайтсін?! Әсіресе, электр энергиясының құны жыл өткен сайын аспандап барады. Бұл жайт қарағандылық жас талант, 10 сынып оқушысы Әсия Құсайынованы да бей-жай қалдырмапты. Бұл проблеманы шешудің жолын іздеп көрмекке бел буған ол, жақында электр қуатын өндіретін ерекше қондырғы ойлап тапты. Бұл туралы «Айқынның» бүгінгі санында.

Сондай-ақ осы басылым бүгінгі санында Қазақстан Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясы XVІІ сессиясында айтқан еліміздегі этнос және конфессия аралық қарым-қатынастарды зерттейтін орталық құру қажеттігі жөніндегі бастаманы еліміздегі сарапшылар да қолдап отырған көрінеді. Мысалы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті қоры жанындағы әлемдік экономика және

саясат институтының ішкі саясат орталығының директоры Юрий Булуктаевтың пікірінше, мұндай зерттеулердің көбейіп, орталықтардың артқаны дұрыс. Себебі кез келген саладағы прогресс тек ғылыммен байланысты. «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім - Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы ғылыми-сараптама орталығы жұмыс істейтіндігін, соның жұмысын жандандырып, осы салада үнемі мониторинг жасап отыру қажеттігін алға тартады.

Бұл мәселеге қатысты осы және өзге де сарапшы- мамандардың

ой-пікірлері жөнінде тереңірек білгіңіз келсе, «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Ұлтаралық қатынастар зерттеуге зәру» атты мақаланы қараңыз.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Тек бидай өсіруден береке табамыз ба?» атты мақала жариялап, үлкен мәселе көтерді. Басылымның жазуынша, еліміздің диқандары 21,3 миллион гектар жерге дән себуді көздеп отыр. Оның 70-80 пайыздайын бидай алқаптары алады. Былтырғы құрғақшылық кесірінен босап қалған қамбалар биыл толар деген үміт бар. «Бірақ ғалымдар өнімнің бір ғана түріне басымдық беру, яғни тек бидай өсіру шаруаларды шаш етектен пайдаға келтіре қоймайтынын айтады. Мысалы Канадада шаруашылықты әртараптандыру ісі ерте басталып, 1990 жылдармен салыстырғанда бидай алқаптары екі есеге жуық қысқарған, ал Қазақстанда, керісінше, жыл сайын егістік көлемі артады, бірақ одан өнімділіктің өскені байқалмайды. Бір гектар жерден алатынымыз баяғы сол 10 центнердің ар жақ бер жағы», - деп жазады басылым.

Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, Алматы қаласының әкімдігі «Алматы қаласында 74 базар бар болса, олардың 34-і талапқа сай емес. Алдағы уақытта Алматы базарларының саны азаяды», деген ақпарат таратқан. Қаладағы барлық сауда орындарын саралап шыққан сәулет және қала құрылыс басқармасының мамандары Алматыдағы 74 базардың барлығы талапқа сай еместігін, десек те 40 пайызын қайтып қалыпқа келтіруге болатынын, ал қалған 34-ін бұзбаса болмайтынын мәлім етті. Сөйтіп «Алматы ажарын қайта қалпына келтіреміз» деген әкімдіктегілер «базар реформасына» биылдан бастап кірісіп те кетпек. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымындағы «Базар реформасы нәтиже бере ме?» атты мақалада.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, отандық автокөлік өнеркәсібі үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаға араласа бастады. Қазақстандық Allur Avto компаниялар тобы мен «АгромашХолдинг Қазақстан» акционерлік қоғамы оңтүстікореялық SsangYong Motor Corp. корпорациясымен бірігіп, еліміздің үдетілген индустриялық-инновациялық бағдарламасына енізілді. Жобаны үдетілген индустриялық инновациялық даму жөніндегі аймақтық үйлестіруші қолдап отыр. Сондай-ақ ол Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жанындағы келісім комиссиясынан да өтті.