Тек Елбасы ғана біздің жүйені жаңа деңгейге көтере алады - А. Ақанов

АЛМАТЫ. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Құрамында әлемнің 16 елінің балалары оқитын Қазақ Ұлттық медициналық университетінің он мыңнан асатын ұжымы өз болашағын Н.Ә. Назарбаевпен байланыстырады.

Бұл жайында аталған университеттің ректоры Айқан Ақанов Елбасыны қолдауға байланысты өткізген жиын барысында айтты.

Кеше С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да "Жастар Президентті қолдайды" атты акция өтіп оған, 800-ге тарта студент пен оқытушы қауым және "Нұр Отан" ХДП-ның қалалық штабының төрағасы Махамбет Бейдәлі және тағы басқа қоғам қайраткерлері қатысты.

Шараны М. Бейдәлі ашып, алда келе жатқан сайлау барысымен таныстырып өтті. "3-ші наурыздан бастап біз үгіт-насихат жұмыстарын бастадық, Алматыда президентікке үміткер Н.Ә. Назарбаевты қолдауға бағытталған 8 штаб құрылды. Оның құрамында Алматының беделді адамдары мен білім, өндіріс, әлеуметтік саласының өкілдері мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері және жастар бар. Сондықтан жастар сіздер де еліміздің өркендеп, көркейе түсуі үшін дұрыс таңдау жасауларың керек", -деп атап өтті М. Бейдәлі.

"Бүгін бұл жиынға дәрігерлер мен ертеңгі күнгі дәрігерлер сияқты әр буын өкілдері келіп отыр. Барлығымыз 3-ші сәуір күні сайлауға баруымыз керек. Қазіргі таңда қоғамның барлық саласында өркендеу орын алуда, біз оны тоқтатуға қақымыз жоқ. Тек Елбасы ғана біздің жүйені жаңа деңгейге көтере алады. 20 жылда көптеген жетістікке жеттік. Сондықтан да қолға алған реформаны жалғастырып, өз болашағымызды Президентпен бірге таңдауымыз керек", -деп атап өтті өз сөзінде университет ректоры.