Тек қағаз жүзінде тіркелген мал тізімнен шығарылды

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігі санда бар да, санатта жоқ мал санын тізімнен шығару жұмыстарына түсінік берді.

- Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы жүйелік мәселелердің бірі – саланың статистикалық деректерінің бұрмалануы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар және Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, мал шаруашылығы саласындағы статистикалық деректерді нақтылау, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдері өндірісі мен мал басы санындағы есептілікке қатысты ауқымды жұмыс атқарылды, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Нәтижесінде мал саны мен өнімі туралы жалған деректер тізімнен жойылған.

- Шамамен 1,9 млн ірі қара мал, 3 млн ұсақ мал, 3 млн тонна сүт және басқа да мәліметтер тізімнен шығарылды. Бұл ретте, тізімнен шығарылған малдың негізгі бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі, - деп нақтылайды министрліктен.

Ведомство ақпаратына қарағанда, 2024 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша еліміздегі барлық шаруашылық санаттарында мал мен құс саны 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда артқан.

- Бұл тұрғыда ірі қара мал саны - 7 842,6 мың (118,5%), ұсақ мал саны - 20,1 млн (108,1%), жылқы саны – 4 217,4 мың (109,5%), түйе саны - 281,6 мың (106,3%), құс саны - 45,2 млн (102,6%), - деп аталып өткен Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпаратында.

Фото: Kazinform

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында елдегі малдың саны қолдан көбейтілгенін атап, құжаттағы 5 млн бас малдың өмірде жоқ болып шыққанын айтқан болатын

Былтыр күзде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта елдегі мал санын қолдан көбейтіп жазған өңірлерді атап көрсетті.