Матч алдында «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин және команда ойыншылары Әділет Садыбеков, Александр Широбоков брифинг өткізді. Рафаэль Уразбахтин маңызды ойын алдында команданың дайындығы туралы айтты.
— Алғашқы ойында кішкене қобалжу сезілді. Бірақ қазір біз жоғары деңгейде 9 матч өткіздік. Сондықтан жігіттерде қатты уайым болады деп ойламаймын. Ажиотаж бен мұндай эмоцияларға үйреніп қалды. Қосымша қысым болмайды, қайта олар үшін мотивация болады, — деді ол.
Сондай-ақ бапкер Чемпиондар лигасының алдыңғы ойындарында қолданылған схемаға күтпеген өзгерістер енгізілмейтінін айтты.
— Мұндай қарсыластармен тек алға ұмтылып шабуылдай беру немесе керісінше тек қорғаныста жатып алу мүмкін емес екен. Мұнда тепе-теңдік керек. Оларда жеке шеберлігі мықты футболшылар көп, мұндай қарсыласқа қарсы әрекет ету оңай емес. Кей ойыншылардың қимылын жауып, өзімізге артықшылық тудыратын сәттерді ойластыру қажет. Өйткені бір-бірге қалып, қорғаныс жасау қиынға түседі. Бірақ біз тек қорғаныста отыра бермейміз. Барлық матчта шабуыл мен қорғанысты қатар алуға тырысып келеміз, — деді ол.
Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар Лигасының 15 дүркін чемпионы Қазақстанға келуі — бүкіл қазақстандық футбол үшін тарихи оқиға екенін атап өтті.
— Қуаныштысы, матч Алматыда өтеді. Жанкүйерлер бұрын тек теледидар арқылы көрген әлемдік футбол жұлдыздарын көзбе-көз көре алады. Бұл ойынды біз үлкен үмітпен күтіп отырмыз. Сондықтан лайықты өнер көрсетуге тиіспіз. Қазір қандай да бір нәтиже туралы айтқым келмейді, бірақ ең бастысы — сапалы ойын көрсетуіміз керек, — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін «Қайрат» қақпашылары Темірлан Анарбеков пен Заруцкийдің жағдайы қалай екенін жазғанбыз.