Жетісуда Құрылтай депутаттарын сайлауды қолдауға арналған бұқаралық жүгіру өтті

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Текелі қаласындағы ең ұзын Дінмұхамед Қонаев көшесінде 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауды қолдау мақсатында бұқаралық жүгіру ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын насихаттап, тұрғындарды белсенді қозғалысқа шақырған іс-шараға қала тұрғындары, жастар мен спортсүйер қауым қатысты.

Фото: Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы

Жаппай жүгіруге қатысушылар Д.Қонаев көшесіндегі теміржол өткелінен бастап, бақылау алаңына дейінгі 2,5 шақырым жолды жүгіріп өтті. Спорттық шара қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, денсаулыққа пайдалы әдетті қалыптастырудың маңызын тағы бір мәрте айқындады.

Жаппай жүгіруге қатысқандардың ең үлкені – 55 жастағы қалалық Мәдениет үйінің әдіскері Фарида Көпелдесова болса, ең кішісі – 12 жастағы жасөспірім.

Фото: Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы

Қатысушылар мәре сызығын кесіп өткеннен кейін Текелі қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржамал Шоханова мен «Жетісу облысының бұқаралық спортты дамыту және спорттық іс-шараларды өткізу спорт клубы» КММ Текелі қалалық филиалының басшысы Ғалымжан Сүлейменов көпшілікке жылы лебіздерін жеткізіп, алдыңғы қатардан көрінген белсенділерді марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті.

«Шапағат» Текелі арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығының қызметкері Ерлан Көкеев жүгірудің адам денсаулығына ғана емес, қоғам белсенділігіне де оң ықпал ететінін атап өтті.

Фото: Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы

– Мен салауатты өмір салтын қолдаймын. Сондықтан жүгіру марафонына құлшыныспен қатыстым. Арамызда жастардың көп болғаны қуантты. Жастар да, үлкендер де денсаулығы мықты болуы керек. Сонда елге пайда тигізетін іс жасай алады. Жалпы қоғамдық іс-шараларға белсене қатысу керек. Алдымызда еліміздің дамуындағы жаңа кезең – Құрылтай депутаттарын сайлау тұр. Оған да бір кісідей қатысып, азаматтық таңдауымызды жасағанымыз жөн, – деді ол.

Дені сау ұлт – ел дамуының өзегі. Ал қоғамдық өмірге белсенді араласу – азаматтың ел алдындағы жауапкершілігін сезінудің көрінісі. Спорттық іс-шарада бас қосқан қала тұрғындарының белсенділігі де осыны аңғартты.

Жүгіруге қатысқан 13 жастағы Юля Чучакина спортпен тұрақты айналысатынын айтты.

– Мен жүгіру жарысына ағаммен бірге келдім. №1 орта мектебінің 8-сыныбында оқимын. Спортқа жаным құмар. Каратэ үйірмесіне қатысамын. Осындай бұқаралық іс-шараларға қатысып, үлкендерден үйренерім көп, – деді ол.

Текеліде жаппай жүгіру өтетінін әлеуметтік желіден көрген Ақсу ауданындағы Арасан ауылынан бес жас спортшы арнайы келіп қатысты. Олардың ең кішісі – 12 жастағы Бірегей Құмар.

Фото: Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы

– Бізді жеңіл атлетикадан жаттықтыратын ағайымыз алып келді. Өзі де жарысқа қатысты. Мен мәре сызығын төртінші болып кесіп, сыйлыққа ие болдым. Текелідегі ең ұзын Д.Қонаев көшесінің бойымен жүгіріп келе жатып, кеудемді мақтаныш кернеді. Туған жеріміздің осындай тамаша жерлерін көріп, танып, келешекте еліміздің мәртебесін биіктетуге күш салуымыз керек, – деп әсерімен бөлісті.

Спорттық іс-шара салауатты өмір салтын, белсенді азаматтық ұстаным мен қоғамдық бірлікті насихаттап, тұрғындарды ортақ іске жұмылуға және ел өміріндегі маңызды мәселелерге бейжай қарамауға үндеді.