Текеліде бұзақылар соғыс ардагерлеріне қойылған ескерткіш тақтайшаны сындырып кетті

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысы Текелі қаласының орталығындағы Екінші дүниежүзі соғысы ардагерлерін еске алу мақсатында қойылған ескерткіш тақтайшаны бұзақылар қиратып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл жерде елі мен жері үшін жанын қиған жандардың есімі жазылған. Сонда осындай әрекетке барған адамдардың Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерімізге құрметі жоқ болғаны ма?» деп ашынады қала әкімі Бақтияр Өнербаев.

Оның айтуынша, Текелі қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғалым Төлегенұлына ескерткіш маңында қойылған видеобақылау камерасын қосып, бақылап отыру тапсырылған.

«Алайда, аталмыш бөлім басшысының жұмысқа салғырт қарауынан осындай көрініске куә болып отырмыз. Яғни, видеобақылау камерасының уақытылы қосылмауына байланысты бұзақыларды ұстау мүмкін болмай отыр. Сол себепті Ғалым Қызылбаевқа осы мәселені қайта көтеріп, ескерткіш маңындағы бақылау камераларының жұмысын қайта тексеріп, қолға алуды тапсырамын», - дейді Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев.