Тексерілген әлеуметтік нысандардың жартысынан астамы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін ыңғайсыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тексерілген әлеуметтік нысандардың жартысынан астамын мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қайта ыңғайлау керек.

Бүгін Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова осылай мәлім етті. Комитет отырысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамға бейімделуі мәселесі талқыланды.

Вице-министрдің айтуынша, 2012 жылдан бастап нысандардың қолжетімділігі жағдайын бағалау жұмыстары басталған. «Жалпы, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімділік паспортын құру мақсатында 55 мыңнан астам әлеуметтік инфрақұрылымды тексеріп шығу керек. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша шамамен 24 мыңға жуық нысан паспортталды. Соның ішінде 18,5 мың нысанның немесе 78,7 пайызының мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімдеу қажетілігі анықталып отыр», - дейді С. Жақыпова. Оның сөзіне қарағанда, 55 мың нысанның 5,5 мыңнан астамы ғана мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді.

Сонымен қатар, вице-министр кедергісіз орта қалыптастыру жоспарына сәйкес, 2014 жылы 2 135 нысанды мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бейімдеу көзделгенін атап өтті. Оны ішінде 697-і нысанды қайта бейімдеу «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен, ал 1438 нысан жергілікті бюджет қаражаты есебінен атқарылады.