Тексерілген бірде-бір сотталушы стационарлық емдеуді қажет етпейді - Жаңаөзен оқиғасына қатысты сот отырысы
Сот залына процеске қатысушылармен қатар, сотталушылардың туыстары, халықаралық, республикалық бақылаушылар кірді.
Кешкі сағат 19:00-де аяқталған сот отырысынан кейін Маңғыстау облыстық сотының ресми өкілі Нұрлан Күнтуов БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Н.Күнтуовтің хабарлауынша, 37 сотталушының ішінде 10 адамның денсаулығына түрлі деңгейде зақым келуіне байланысты соттың ұсынысы бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының жанынан арнайы дәрігерлік комиссия құрылды.
Сот отырысы комиссия қорытындысын жариялаудан басталды. Комиссияның қорытындысы бойынша, тексерілген бірде-бір сотталушы стационарлық емдеуді қажет етпейді.
Сонымен қатар, қорғаушылар тарапынан түскен сот отырысының хаттамасымен күнделікті танысып отыруға рұқсат беру жөніндегі өтініш қанағаттандырылды.
Сот отырысы жәбірленушілерді тыңдаумен жалғасты. Бүгінгі таңда 87 жәбірленушіден жауап алынды.
Келесі сот отырысы ертеңге сағат 10.00-ге тағайындалды.