Тексерістер азайса да, төтенше жағдайлар көбейген жоқ - министр В.Божко

АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат - Тексерістердің азаюы ел ішіндегі төтенше жағдайлардың артуына себеп болған жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің өкілдерімен болған кездесуде ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлім етті.

Оның айтуынша, бұрын төтенше жағдайлар министрлігі ел бизнесмендеріне 199 рұқсат қағаздарын беріп келген. «Бүгінде оның саны 26-ға дейін қысқарды, тағы бесеуі ескерту ретінде енгізілді. Соның нәтижесінде өрт қауіпсіздігі бойынша өткізілген тексерістердің саны 48 пайызға азайды. Жалпы, биыл республика бойынша өрт оқиғалары, төтенше жағдайлар мен ел қазынасына келген шығындар төмендеді. Демек, рұқсат беру қағаздарын қысқарту жұмысы төтенше жағдайлардың артуына әкелген жоқ», - дейді В.Божко.