Тексеру азайса да, анықталған құқық бұзушылық көлемі 76%-ға өскен — Қаржы министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит жүйесін дамытудың жаңа кезеңін айқындайтын 2030 жылға дейінгі стратегиялық құжат – Ішкі мемлекеттік аудитті дамыту тұжырымдамасын алғаш рет бекітілді.

Фото: istockphoto.com

Тұжырымдаманың қабылдануы мемлекеттік басқаруды дамытудың маңызды кезеңі болып табылады және тәуекелдердің алдын алуға, тәуекелге бағдарланған тәсілге, цифрлық технологиялар мен деректерді талдауға негізделген ішкі мемлекеттік аудиттің заманауи моделіне көшуді білдіреді.

— Жүргізіліп жатқан өзгерістердің тиімділігі нақты нәтижелермен расталып отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аудиторлық іс-шаралардың саны 7%-ға қысқарды, ал анықталған қаржылық құқық бұзушылықтардың сомасы 76%-ға ұлғайды, — делінген ведомствоның хабарламасында.

Сонымен қатар аудит жүргізілместен қабылданған превентивтік шаралар қолданылған бюджет қаражатының көлемі екі еседен астам өсіп, 200 млрд теңгеден 500 млрд теңгеге дейін жетті.

Мұндай үрдіс бақылау жүктемесін азайта отырып, тәуекелдерді анағұрлым дәл анықтауға мүмкіндік беретін интеллектуалды аудитке көшудің айқын дәлелі болып табылады.

Тұжырымдама мемлекеттік қаржының тиімді пайдаланылуын арттыруға, мемлекеттік басқару сапасын жақсартуға және бюджеттік процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Министрліктің мәліметінше, бүгінгі күні ішкі мемлекеттік аудитті дамыту тек бақылауды ғана емес, сонымен қатар тәуекелдерді уақтылы анықтауға және басқарушылық шешімдерді алдын ала қабылдауға мүмкіндік беретін тетіктерді қалыптастыруды талап етеді.

— Мемлекеттік аудиттің болашағы – технологияларда, сапалы деректерде және құқық бұзушылықтардың алдын алуда. Біздің міндетіміз – мемлекеттік ресурстардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету және қоғамның мемлекеттік қаржыны басқару жүйесіне деген сенімін арттыру, — деді Қаржы министрі Мади Тәкиев.

Тұжырымдаманы іске асыру халықаралық озық тәжірибеге сәйкес келетін әрі Қазақстан Республикасының орнықты даму міндеттеріне жауап беретін заманауи ішкі мемлекеттік аудит жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан цифрландыруға басымдық бере отырып, ішкі мемлекеттік аудитті дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын қалыптастырып отырған өңірдегі алғашқы мемлекеттердің біріне айналмақ.

Айта кетейік, Қаржы министрлігі бизнеске арналған жаңа онлайн сервисті іске қосты.