Тель-Авивтегі Еуроодақ делегациясы орналасқан ауданға зымыран құлады
АСТАНА. KAZINFORM - Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлағандай, Еуропалық бұқаралық ақпарат құралдарының бірнеше дереккөзі Тель-Авивте орналасқан Еуропалық одақ делегациясы орналасқан ауданға зымыран түскенін мәлімдеді.
Еуропалық дипломатиялық миссия қызметкерлері аман қалғаны хабарланды.
— Бүгін ЕО қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шекпегенімен, Иран тарапынан жасалған шабуылдар салдарынан Еуроодақтың дипломатиялық ғимараттарының зақымдануына алаңдаушылық білдіреміз. Азаматтық аудандар, сондай-ақ шетелдік дипломатиялық қызметкерлер мен миссиялар қандай жағдай болмасын шабуыл нысанына айналмауы тиіс, — деді Еурокомиссия өкілі.
Айта кетейік, Израиль мен Иран арасындағы әскери қақтығыстардың жетінші күні өзара шабуылдармен жалғасуда. Атап айтқанда, Израильдегі аурухана мен Иранның Арак қаласындағы ауырсулы реакторға соққы берілгені жөнінде хабарланды. Бұл оқиғалар аясында АҚШ-тың соғысқа араласуы мүмкін деген қауіптер айтылып, екі елден де дипломаттар мен шетелдік азаматтар эвакуацияланып жатыр.
Еске салайық, ҚР Сыртқы істер министрлігі Иран мен Израильде жүрген азаматтарына ескерту жасады.