Телеарналарда ақпаратты аудиторияға жеткізу әдістері өзгеріп жатыр - Ләззат Танысбай

АСТАНА. ҚазАқпарат – Телеарналарда ақпаратты аудиторияға жеткізу әдістері өзгеріп жатыр. Бұл туралы елордадағы бірінші Орталық Азия медиафорумында «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Танысбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жас ұрпақ арасында телевизия енді қоғамды қызықтырмайды деген қате пікір айтылып жүр. Шын мәнінде, бұл сала жойылып кетпейді, тек аудиториямызға жеткізу әдістері ғана өзгереді. Атап айтқанда, интернетте көруге болатын сенімді және тартымды контенттің барлығын телеарна қызметкерлері дайындап жүргенін байқауға болады», - деді Л. Танысбай.

Сонымен қатар ол бүгінде телеарналардың ғаламтордағы және әлеуметтік желілердегі контентіне қызығушылық өте зор екенін айтты.

«Сондықтан бұл тақырыпқа қатысты тоқталсақ, шын мәнінде телевизия контентіне деген зор сенім бар. Бұған дәлел ретінде осы бағыттағы көрсеткіштерді айтуға болады. Кеше ғана бұл саладағы зерттеулерді қарап шықтым. Бұл зерттеуді USAID тапсырысы бойынша Интерньюс жүргізген.Аудитория күн сайын әлеуметтік желілерді қарағанды ұнатады екен, бірақ халықтың 54% бұрынғыша дәстүрлі БАҚ-қа сенеді. Осы орайда теледидар бірінші орында, кәсіби интернет сайттар екінші орында болса, ал үшінші орында әлеуметтік желілер тұр», - деді Ләззат Танысбай.