Телеарналарда көрсетіліп жатқан шетелдік фильмдердің бәрі бірдей кәсіби деңгейде дубляждалып жатқан жоқ - актер пікірі
Бұл Алматыда «Коктейль» комедиялық мелодрамасының Қазақстандағы прокатына орай журналистерге ұйымдастырылған алғашқы көрсетілім кезінде айтылды.
«Қазір отандық телеарналарда шетелдік фильмдер көп көрсетіледі. Алайда олардың бәрі бірдей кәсіби деңгейде дубляждалып жатқан жоқ. Ақша үнемдейміз деп кейде бір актерге бірнеше кейіпкерді дыбыстатып жатады. Қысқа уақыттың ішінде олардың бәрінің жан-дүниесіне ену мүмкін емес. Мұндай жағдай менің де басымнан өтті», - дейді Наталья Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актері Ильяс Туманов.
Комедиялық рөлдерді дубляждауды ұнататын оның айтуынша, Хоми Ададжанианың «Коктейль» комедиялық мелодрамасы оң жамбасына келген. «Дубляж жанрында немқұрайлы көзқарас болмауы керек. Онда әрбір дыбыс үлкен рөл атқарады. Сондықтан дубляжды ұйымдастырушылар оған кәсіби актерлерді көбірек тартуға мән беруі тиіс. Режиссерлердің кейіпкерлерді сомдаушылардың дауысын екінші бір актерге қайта дыбыстатуы кино саласында жиі кездесетін жағдай. Өз туындысының өміріне немқұрайды қарамайтын әрбір түсіруші оны дубляждаушыларды байқау арқылы іріктеп алады. Сондықтан оған телеарна басшылары тарапынан да ерекше көзқарас керек»,-дейді И. Туманов.