ілденің 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Телеарналарға қазақ тілін еркін меңгерген адамдар шығуы керек. Бұл туралы бүгін Үкіметте Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өтіп жатқан Тілдірді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға арналған кеңейтілген мәжілістің отырысында ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті.
«Осы мәжілісте бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының отырғандығын пайдаланып, мынандай өтінішіміді айтқым келеді: тіл мәдениетін қалыптастыратын бірден бір орта бүгінде теледидар мен баспасөз құралдары. Сондықтан, теледидарға, әсіресе, қазақ тілін жақсы меңгерген адамдар шығу керек. Өзі ауызекі диалект аясында тілді меңгерген, кейбір сөздерді дұрыс айта алмайтын, тілінде мүкістігі бар адамдары сахнаға, теледидарға қайта-қайта шығара беруге болмайды», - деді министр.
«Ол адамдар жазсын, бірақ, теледидарға шығатын адамдар мінсіз сөйлеуі керек. Міне, тіл мәдениеті сонда қалыптасады деп ойлаймын», - деді М.Құл-Мұхаммед.
Руслан Ғаббасов
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2005 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істеп келеді.