Телефон арқылы табыс табу: Кәсіпкерлер ұлттық өнімдерін қалай сатып жүр

АСТАНА. KAZINFORM – Ою-өрнекті киім, термос пен қол сөмке сияқты бұйымдарды қазір жиі көреміз. Кәсіпкерлер дәстүрлі элементтерді заманауи дизайнмен ұштастырып, өнімдерін әлеуметтік желі арқылы таныстырудың жаңа тәсілдерін қолданып жүр.

Коллаж: Kazinform/ЖИ

Әлеуметтік желі жаңа мүмкіндік ашты

Бұрын қазақы ою-өрнек көбіне мерекелік киімдермен байланысты қабылданса, қазір тауар шығарушылар күнделікті қолданылатын заттарға да енгізіп жатыр. Дегенмен өнімге ұлттық өрнек түсіру тұтынушының қызығушылығын тудыруға жеткіліксіз. Оның ерекшелігін, сапасын және күнделікті өмірде қалай қолдануға болатынын көрсету де маңызды. Осы тұста әлеуметтік желілер кәсіпкерлерге өз өнімдерін жан-жақты таныстырып, сатып алушылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Әрі бұған қолда қарапайым смартфон мен интернет болуы жеткілікті.

Қазіргі таңда отандық кәсіпкерлердің әлеуметтік желідегі белсенділігі артып келе жатқанын зерттеу нәтижелері де көрсетеді. TikTok компаниясы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, платформаның Қазақстандағы шағын және орта бизнеске ықпалын зерттеген. TikTok компаниясының Орталық Азия және Шығыс Еуропадағы бизнесті дамыту департаментінің басшысы Юлия Кушнирдің айтуынша, кәсіпкерлер бұл желіні жаңа тұтынушылар табу және өнімдерін кеңінен таныстыру үшін бұрынғыдан жиірек пайдалана бастаған.

– Әрбір бизнестің артында өз тарихы бар. Бүгінде TikTok қазақстандық кәсіпкерлерге жаңа клиенттер табуға, жаңа нарықтарға шығуға және өз идеяларын табысты кәсіпке айналдыруға көмектеседі. Зерттеу нәтижелері платформаны тұрақты пайдалану мен кәсіпорын түсімі арасында байланыс бар екенін көрсетті, – дейді ол.

Мәселен, 2026 жылғы қыркүйек-қазан айларында Қазақстанның 20 өңіріндегі 206 микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі арасында жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 73,3%-ы TikTok өз өнімдерін бәсекелестерден ерекшелендіріп көрсетуге көмектесетінін айтқан. Ал 83,5%-ы платформаның тұтынушылармен жақсы байланыс орнатуға мүмкіндік бергенін атап өткен.

«Желідегі контенттің үш негізгі бағыты бар»

Шымкенттік кәсіпкер Нұрбақыт Байтан да осы желінің мүмкіндіктерін пайдаланып жүр. Оның отбасы қазақтың дәстүрлі киім үлгілерін қазіргі талғамға бейімдеп, ұлттық нақышты күнделікті сәнмен ұштастыруды қолға алған. Кәсіпкердің сөзінше, басты мақсат – дайын киімді көрсетіп қана қоймай, оның ерекшелігін түсіндіру және ұлттық үлгідегі киімдерді тек мерекеде емес, күнделікті өмірде де киюге болатынын көрсету. Осы мақсатта ол әлеуметтік желілерде өнімдерін таныстыра бастаған. Кейін аудиториясын кеңейтіп, көпшілікпен жақынырақ байланыс орнату үшін TikTok-ты да пайдалана бастайды.

– Мұнда қызықты контент арқылы көпшілікке танылуға мүмкіндік бар екенін байқадым. Оның аудиториясы басқа платформаларға қарағанда бізге жақынырақ болды. Алғашқы видеоларымыз жақсы қаралым жинап, көрермен тарапынан жақсы пікірлер ала бастадық. Сол кезде желіні бизнесті дамытуға тиімді құрал екенін түсіндім, – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, желіде көрерменнің қызығушылығын тудыратын контенттің үш негізгі бағыты бар. Біріншісі – ұлттық киімнің тарихын таныстыру. Кәсіпкер бейнежазбаларында қазақтың дәстүрлі киім үлгілері, ою-өрнектердің шығу тарихы мен мағынасы туралы әңгімелейді.

– Біз киімді жай ғана көрсетумен шектелмейміз. Оның тарихын, қазақ халқы ойлап тапқан киім үлгілерінің ерекшелігін, ою-өрнектердің қандай мағына беретінін түсіндіруге тырысамыз. Біздің мақсатымыз – әдемі киімді таныстыру ғана емес, заманауи сәннің қазақ мәдениетімен үйлесе алатынын көрсету, - дейді.

Екінші бағыт – әртүрлі жағдайға арналған дайын киім үлгілерін ұсыну. Кәсіпкердің сөзінше, олар тойға, үйлену тойына, университетке, жұмысқа және күнделікті өмірге арналған киім үлгілерін көрсетеді. Осылайша көрерменге ұлттық нақыштағы киімдерді қалай үйлестіруге болатынын түсіндіріп, дайын шешім ұсынады.

– Мұндай контент адамның уақытын үнемдейді. Ол қандай киімді немен үйлестіру керегін өзі ойластырып отырмайды, біз оған дайын үлгілерді ұсынамыз, - деп түсіндірді кәсіпкер.

Ал үшінші бағыт – тікелей эфирлер. Соңғы уақытта осы форматты белсенді пайдалана бастаған. Эфир кезінде көрермен киімге қатысты сұрақтарын қойып, қажетті мәліметті сол бойда ала алады.

– Киімді егжей-тегжейлі көрсетіп, сауалдарына жауап береміз. Ол үшін адамның міндетті түрде дүкенге келуі қажет емес. Әлемнің кез келген жерінен байланысып, өзіне керекті ақпаратты біле алады, - дейді Нұрбақыт Байтан.

Кәсіпкердің әлеуметтік желідегі жұмысы нақты нәтижесін де берген. Юлия Кушнирдің мәліметінше, Нұрбақыт Байтанның кәсібіне тиесілі парақшаға бір жыл ішінде 15 мың жаңа жазылушы қосылған. Осы кезеңде сатылым шамамен 20%-ға өскен. Ал бір сағаттық тікелей эфир кезінде орта есеппен 15–20 өтініш түсіп, арасынан 3-6 тұтынушы тапсырыс береді.

«Жастар арасында танымалдығымыз артқанын анық байқадық»

Ұлттық нақыштағы күнделікті бұйымдар ұсынатын тағы бір кәсіпкер 2021 жылы шағын ғана кеңседе жұмысын бастаған. Алғашында телефон қаптарын сатумен айналысқан компания бүгінде термос, сөмке және өзге де бұйымдар шығарады. Бес жыл ішінде сауда орындарының саны онға жетіп, Алматы, Астана, Шымкент, Атырау және Ақтау қалаларында дүкендері ашылған. Өнімдерін шетелге де жеткізеді.

Кәсіпорынның маркетологі Даяна Сейдалханның айтуынша, 2023 жылы компания әлеуметтік желідегі жұмысын күшейтіп, арнайы команда құрған. Бұған дейін сатып алушыларының басым бөлігі 25–30 жас аралығындағы азаматтар болса, ендігі мақсат – жастарды көбірек тарту.

– Алғашында TikTok үшін арнайы команда жұмыс істеді. Бейнежазбаларымыз жақсы қаралым жинап, жастар арасында таныла бастадық. Қазір әртүрлі желіге дайындаған контентімізді осы платформада да жариялаймыз. Бұдан бөлек, менеджерлеріміз күн сайын тікелей эфирге шығып, тауарларды көрсетеді, ерекшеліктерін түсіндіріп, бағасын айтады. Осы тәсіл арқылы сатылымды арттыруға тырысып жатырмыз, - дейді ол.

Фото: Даяна Сейдалханның жеке мұрағатынан

Маркетологтің сөзінше, кейбір бейнежазбалар көпшілікке кеңінен тарап, брендтің танылуына ықпал еткен. Онлайн сатылым да өскен. Дегенмен компания әр әлеуметтік желіден түскен тапсырысты жеке есептемейді, сондықтан да өсімнің қаншасы нақты бір платформаның үлесіне тиесілі екенін айту қиын.

– Біз онлайн сатылымның жалпы көрсеткіштерін есептейміз. Бірақ жастар арасында танымалдығымыз артқанын анық байқадық, - дейді ол.

Көпшілікке танылған сайын өнім бағасына қатысты сын да айтыла бастаған. Даяна Сейдалханның сөзінше, кейбір қолданушылар жергілікті тауарды қолдағысы келгенімен, қымбат екенін алға тартады. Компания бұл пікірлерді ескеріп, бағаны әзірге өсірмеуге тырысып отыр.

– Біз сатып алушылардың пікірін түсінеміз. Бірақ өнім шығару арзан емес. Оның үстіне сападан үнемдегіміз келмейді. Бұйымдарымызға табиғи былғары, керамика сияқты материалдар қолданамыз. Бағаны өзіміз де төмендеткіміз келеді, бірақ оған әсер ететін бірнеше жағдай бар, – дейді маркетолог.

Даяна Сейдалхан әлеуметтік желідегі жұмыс тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру маңызды екенін айтады. Сондықтан компания өкілдері TikTok ұйымдастырған кездесуге қатысып, көрерменге қызықты жаңа форматтармен танысуды көздеген.

– Қазір қандай контент өтімді екенін, қандай жаңа құралдарды пайдалануға болатынын білгіміз келеді. Өз жұмысымызға да сырт көзбен қарап, дұрыс бағытта келе жатқанымызды бағалау маңызды. Әрине, бұл – өнімдерімізді жаңа аудиторияға таныстырудың тағы бір мүмкіндігі, - дейді.

Цифрлық технологияларды кәсіпте кәдеге жарату қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі айтады. Президент кешегі Жолдауында да интернет қоғамдық санада тұтыну мен көңіл көтерудің ғана емес, жасампаздық пен еңбектің виртуалды аумағына айналуы керектігін атап өтті.

– Смартфондар азаматтарымыз үшін уақытты зая өткізетін қымбат ойыншық емес, тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құралға айналуға тиіс. Үкімет жыл соңына дейін цифрлық форматта жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастырады. Халықтық цифрлық экономика құру үшін адамдардың мүмкіндіктері тұрғылықты жеріне тәуелді болмауы өте маңызды. Азаматтарымыз ауылда немесе қалада тұрса да, смартфон арқылы заңды табыс табуды үйренуге тиіс, – деді.

Бұл пікір кәсіпкерлердің тәжірибесімен де үндеседі. Шағын бизнестің қос өкілі келтірген мысалдардан-ақ смартфонның табыс көлемін ұлғайту бағытындағы пайдасы байқалады.