13:19, 18 Наурыз 2009
Телефон байланысы мен интернет қызметтері үшін төлемдерді қабылдайтын «ақпараттық дүңгіршектер» кеңінен қолданылып отыр ? Д.Тұяқов
АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен ақпан айында Астанада ақпараттық дүңгіршектер арқылы телефон байланысы мен интернет қызметтері үшін 108 миллион теңгенің төлемдері қабылданды.
Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында «Астанателеком» ҚТО бас директорының орынбасары - коммерциялық директор Дарын Тұяқов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Д.Тұяқовтың айтуынша, 2008 жылы республикада «бір терезе» қағидаты бойынша телефон байланысы мен интернет қызметтері үшін төлемдерді қабылдайтын 400 ақпараттық дүңгіршектер орнатылды. Қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында бұлар арқылы 950 мың 972 трансакция жасалып, 3 миллиард теңгеге төлемдер қабылданды. «Ақпараттық дүңгіршектер іске қосылғандығы жөнінде абоненттер арасында ақпараттандыру қажетті деңгейде болса, бұл көрсеткіштер әлдеқайда жоғары болар еді», - дейді ол. Астана қаласында әзірше ондай дүңгіршектердің саны ? 30, оның 15-і «Астанателеком» сервистік бөлімдерінде, 15-і ірі сауда орталықтарында орналастырылған. Алдағы уақытта тағы 70-ке арттыруға ұсыныс жасалып отыр. «Бірақ ақпараттық дүңгіршектер орнату төлемдерді қабылдайтын кассалардың қызметін тоқтатпайды, керісінше толықтыра түседі», - деп атап өтті Д.Тұяқов.Ақпараттық дүңгіршектердің көмегімен қазақ және орыс тілдерінде «Қазақтелеком» АҚ ұсынатын қызметтер мен тарифтер жөнінде ақпарат алуға; жеке шот бойынша ағымдағы балансты біліп (жасалған қалааралық және халықаралық байланыстарды қағаз бетіне түсіріп алуға), телекоммуникация қызметтерін төлеуге болады. Әзірше төлемдер тек қолда бар ақшамен қабылданады. Алдағы уақытта төлем карточкаларын іске қосу жоспарланып отыр.