Телефонға тәуелді баланың миының дамуы тежеледі
АСТАНА. KAZINFORM — Балаға үш жасқа дейін мүлде гаджет беруге болмайды. Балалар психологы телефонға тәуелділіктен қалай арылуға болатынын түсіндірді.
— Адам бірден қандай да бір әрекетке тәуелді болып қалмайды. Тәуелділік бір әрекетті қайта-қайта жасай бергеннен туындайды. Балалардағы телефонға тәуелділікті анықтаудың өз жолдары бар. Егер одан телефонды сұрағанда еш қиналмай бере салса, онда тәуелділік жоқ. Ал егер шалқалап жылап, телефоннан айырылғысы келмесе, демек қауіп бар деген сөз, — дейді Жанар Сейітмағанбет «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.
Балалар психологы мұндай жағдайға ата-аналардың тікелей қатысы бар екенін айтады.
— Виртуалды әлем шынайы өмірден басым болып кетсе, ата-анасы, ата-әжесі, бауырлары көңіл бөлмей қалса, бала сол виртуалды әлемге кіріп кетеді. Сондықтан тәуелділік болмас үшін баланың өмірін әдемі етіп ұйымдастыру қажет. Қазір виртуалды әлем балаларды ата-аналарынан жұлып алып бара жатыр. Өйткені ата-аналар баланың осы өмірін қызықты қылып ұйымдастырып бере алмайды. Ата-ана не істесе, бала да соны қайталайды, — дейді ол.
Маман балаларға гаджетті қай жастан бастап қолдануға болатынын да айтты.
— Балаға үш жасқа дейін мүлде гаджет беруге болмайды. Ал 11 жасқа дейін тек хабарласуға арналған батырмалы телефон беру керек. Себебі ол жасқа дейін баланың миының алдыңғы бөлігі, психоэмоциялық дамуы мен ерік-жігері қалыптасады, — дейді студия қонағы.
Психолог гаджетті көп пайдалану баланың дамуына кері әсер ететінін атап өтті.
— Баланың психоэмоциялық күйі әлі тұрақталып үлгермеген кезде ол сөйлеуді, қарым-қатынас жасауды үйренуі тиіс. Телефонға телміріп отырған баланың сөздік қоры байымайды. Ал сөздік қоры байымаған бала қиялдап, әдемі шығарма жаза алмайды. Сөйлесіп, қарым-қатынас жасап, сөздік қоры дамығанда ғана бала ашылып, әдемі сөйлей алады. Виртуалды әлем тым жылдам қозғалады. Қысқа-қысқа видеолар, түрлі эмоцияға толы ақпараттар баланың миына ауыртпалық түсіреді. Соның салдарынан бала үнемі мазасыз жүреді, ал болашақта зейінін шоғырландыра алмай қалады. Өйткені оның миы ұзақ уақытқа, көп ақпаратқа зейін қойып үйренбей қалады, — дейді маман.
Жанар Сейітмағанбет баланы тәуелділіктен қалай арылтуға болатынын да түсіндірді.
— Телефонды мүлде алып қоюға да болмайды. Балаларға күніне 1-2 сағат қана пайдалануға рұқсат еткен жөн. Қалған уақытын хоббиіне, достарымен қарым-қатынасына арнауы керек. Мен өзім осыдан 15 жыл бұрын саналы түрде үйден теледидарды алып тастадым. Кешкісін кітап оқуды әдетке айналдырдым. Балаларым да соны көріп, сол әдетті жалғастырып келеді. Телефонға тәуелді болып қалған баладан оны бірден жұлып алып қою дұрыс емес. Уақытын біртіндеп қысқартып, жаңа әдеттер қалыптастыру арқылы телефоннан алшақтату қажет. Ең бастысы — баламен жылы сөйлесіп, оның не іздеп жүргенін, нені қалайтынын түсінуге тырысу, — деп түйіндеді балалар психологы.
Еске сала кетейік, бағдарламаның өткен санында психолог маман бала тәрбиесіне қатысты бірқатар кеңес айтқан еді.