Telegram зертханасы, ЖИ музейі, тегін мектептер: ALEM.AI орталығынан фоторепортаж
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада журналистер үшін ALEM.AI алғашқы ЖИ орталығының техникалық ашылуы өтті. Бұл орталық 2029 жылға дейін қазақстандық ЖИ-шешімдер экспортын 5 млрд АҚШ долларына дейін арттыруға мүмкіндік береді. Kazinform тұңғыш ЖИ орталығындағы ұйымдар мен мектептерге шолу ұсынады.
Тұңғыш ЖИ орталығы үшін 2017 жылғы ЭКСПО көрмесіне салынған «Нұр әлем» павильоны таңдап алынды. Әзірге орталықтың 1-қабаты ғана әзір, қалған 7 қабатта жөндеу, толықтыру жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін орталықты толыққанды іске қосу жоспарланған. ALEM.AI ғылым мен өндірістен бастап, креативті индустриялар мен мемлекеттік қызметтерге дейін бірнеше бағытта жұмыс істейді. Ол ЖИ экожүйесін дамытуға, инвестиция тартуға және стартаптарды қолдауға арналған алаң болады және Орталық Азиядағы жасанды интеллектінің жетекші хабына айналдырады.
Орталықтың бірінші қабатында форумдарға, көпшілік дәрістерге және жасанды интеллект музейіне арналған қоғамдық кеңістіктер орналасқан. Мұнда ЖИ саласындағы бос орындар жәрмеңкелері, сондай-ақ инвесторлар мен серіктестерді тартуға көмектесетін тұрақты хакатондар мен стартаптар конкурстары өтеді. Сонымен бірге, бірінші қабатта жаңа технологиялар қиялмен ұштасатын, иммерсивті туындылар, интерактивті тақталар қойылған. Келушілер үшін коворкинг пен дәмханалар да осы қабатта болады.
Екінші және үшінші қабаттарда – 9-12 сынып оқушыларына арналған TUMO School ашылады. Онда Астананың 42 мыңнан астам оқушысы анимация, бағдарламалау, робототехника, дизайн және басқа креативті технологиялар бағыттары бойынша бағдарламаларға жазыла алады. Екінші қабат 206 орынға есептелсе, үшінші қабатта – тағы 348 орын бар. Сондай-ақ, бұл бөліктерде топтық сабақтарға арналған аймақтар, конференц-залдар және тәжірибелік жобаларға арналған зертханалар қарастырылған.
Ал төртінші және бесінші қабаттарда – студенттер мен ересектерге арналған Tomorrow School орналаспақ. Қазақстандағы алғашқы peer-to-peer жасанды интеллект мектебін Astana Hub технопаркі 2024 жылдың қазанында ашқан еді. Мұндағы оқу 01EDU платформасында тегін өтеді және бағдарламалау бойынша бастапқы дағдыларды талап етпейді.
ЖИ және цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, алғашқы лекке 5 мыңнан астам өтініш түскен. Іріктеуден 120 студент өтіп, тек 30% ғана негізгі оқуға қабылданған. Қазір екінші лекте 190 студент оқып жатыр, болашақта олардың санын арттыру жоспарланған.
Алтыншы қабатта – стартаптарды акселерациялайтын және инкубациялайтын Стартап кампус ашылады. Мұнда жаңа жобалар іске қосылады, инновациялар қолдау табады және кәсіпкерлік экожүйесін дамыту қолға алынады.
Жетінші қабатта – зерттеу және тәжірибелік зертханалар орналасады. Мұнда ЖИ саласында ғылыми жобалар жүргізіледі, сондай-ақ Telegram-ның ЖИ зертханасы жұмыс істейді. Сондай-ақ, Presight, Яндекс компаниялары да өкілдік ашатынын растаған.
Соңғы сегізінші қабат – GovTech-шешімдерге және ЖИ технологияларын қолдану арқылы мемлекеттік процестерді талдаумен және басқарумен айналысатын ситуациялық орталыққа арналған. Бұл шешімдер экономиканың түрлі салаларында қолданылады. Осылайша, білім беру мен зерттеулерден бастап, стартаптарды іске қосу және инновацияларды енгізуге дейін бірыңғай экожүйе құру көзделген.
Айта кетейік, Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумның пленарлық отырысында cөз сөйлейді.
Жиынға Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок, Telegram негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Павел Дуров, Sinovation Ventures және 01ai бас директоры Ли Кай Фу, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, Google сарапшысы Питер Норвиг, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим Әл Мансури, Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стербулаев келді.
Павел Дуров Alem.ai ғимаратында жасанды интеллект саласындағы арнайы зертханасын ашты.
Елімізде 1414 қызметінің әрбір 50-ші қоңырауына жасанды интеллект жауап береді.