Телекөпір: Ескі көліктерді өңдейтін Қазақстандағы тұңғыш зауыт ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өтіп жатқан «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысындағы ескі көліктерді өңдеумен айналысатын зауытты іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Recycling Company» ЖШС Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Айдын Нұрахметовтың сөзіне қарағанда, бұл - Қазақстандағы ескі көліктерді өңдеуге арналған алғашқы зауыт. Оны тек 9 айдың ішінде толық іске қосуға мүмкін болды.

«Жоғары технологиялық жабдықтар жылына тозығы жеткен 50 мың автокөлікті өңдеуге мүмкіндік береді. Осы орайда 20 мың тоннадан астам қара әрі түсті металл өндіруге жол ашылмақ. Барлық технологиялық үдеріс қоршаған ортаға зиянын келтірмейді. Президент мырза, біз өңір мен барша елдің дамуы үшін елеулі үлес қосуға уәде береміз. Өндірісті іске қосуға рұқсат беріңіз!», - деді А. Нұрахметов.

Өз кезегінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміз жолдарындағы автокөліктер саны елеулі түрде артқанын айта келе, сондай-ақ олар тозған кезде өңдейтін тиісті өндіріс қажет болғанын жеткізді.

«Бұндай өндіріс болмаса, ескірген көліктер қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Сондықтан бұл зауыт металдарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде жеңіл автокөліктің 18 түрі өндірілетінін ескерсек, сіздердің жұмыстарыңыздың болашағы зор», - деді Елбасы.