TeliaSonera өзінің Kcell-дегі үлесін ұлғайтуда және акцияларын алғаш орналастыруға дайындық үстінде

АЛМАТЫ. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат - Teliasonera компаниясы «Қазақтелеком» АҚ мен «GSM Қазақстан ААҚ «Қазақтелеком»» ЖШС-гі 49% көлеміндегі үлесін сатып алу туралы келісім жасасты.

Мәміле сомасы 1,519 млрд. АҚШ долларын құрап отыр. Реттеуші органдармен бекітілуі тиіс мәміле 2012 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде. TeliaSonera сондай-ақ тараптардың белгілі бір шарттарды орындаған жағдайында қор нарығында алғаш орналастыру (IPO) жолымен 25% минус бір акция көлеміндегі топтаманы сатуға міндеттелді. Акцияларды алғаш орналастыру 2012 жылы өткізіледі деп жоспарлануда. Қор нарығында алғаш орналастырылғаннан кейін акция құнының қалай қалыптасатынына байланысты TeliaSonera «Қазақтелеком» АҚ пайдасына қосымша төлем жасауы мүмкін.

Қазіргі уақытта «GSM Қазақстан ААҚ «Қазақтелеком»» ЖШС акциясының 51 пайызы Fintur Holdings , 49 пайызы «Қазақтелеком» АҚ-ның үлесінде. Мәміленің екі кезеңі де аяқталғаннан кейін TeliaSonera-ның Kcell-дегі іс жүзіндегі қатысу үлесі 61,74 пайызды құрамақ. Fintur Holdings B.V акциясының 58,55 пайызы TeliaSonera, ал 41,45 пайызы Turkcell компаниясының иелігінде.