Темекі контрабандасы үшін сотталғандар мемлекетке 7,3 млрд теңге қайтарады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда темекі өнімдерін контрабандалық жолмен өткізгені үшін сотталған 10 адамнан мемлекет кірісіне 7,3 млрд теңгеден астам қаражат өндірілетін болды. Бұған дейін сотталғандардан келтірілген залал өтелмей қалған.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Тергеу мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында сотталған 10 адам алдын ала сөз байласып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы темекі өнімдерін бірнеше рет заңсыз өткізген. Олар тауарларды кедендік бақылаудан жасырған. Контрабандалық өнімдердің жалпы құны 7,3 млрд теңге болған.

Сот үкімімен кінәлілер экономикалық контрабанда жасағаны үшін сотталған. Алайда мемлекетке келтірілген залал өндірілмеген.

Прокуратура сот актісіне наразылық енгізіп, істі Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот қарады. Нәтижесінде сотталғандардан мемлекет кірісіне 7,3 млрд теңгеден астам қаражатты ортақ тәртіппен өндіріп алу туралы шешім қабылданды.

Осылайша, темекі контрабандасынан түскен қаражаттың бюджетке қайтарылды.

Еске салайық, бұған дейін Оралда құны 100 млн теңгеге жуық заңсыз темекі айналымының жолы кесілгенін жазған едік.