Темекі акциздерін Ресеймен теңестіру қажет - «Темекі түтінінен ада Қазақстан үшін!» ұлттық коалициясы

АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Төмен акциздер Қазақстандағы темекі экспансиясын күшейтіп отыр. Астанада өткен брифингте «Темекі түтінінен ада Қазақстан үшін!» ұлттық коалициясының басшысы Жәмиля Садықова осылай айтты.

«Бүгінде елімізде темекі өнімдерінің акциздері, яғни осы тауарға салынатын салық 13-ақ пайызды құрап отыр. Ол жағынан біз Қырғызстаннан да қалып қойдық», - дейді Ж.Садықова. Оның айтуынша, Кедендік одақ аясында Қазақстанның акциздерін Ресеймен теңестіру қажет. Бұл мәселе өткен айда Еуразиялық экономикалық комиссияда да көтерілген болатын. Сол кезде Ресейдің Қаржы министрлігі қазақстандық әріптестеріне тиісті хат та жолдапты. «Қазақстанның Қаржы министрлігі акциздерді Ресеймен теңестіруге дайын екендігін жеткізген. Бірақ бәрі осымен бітті де қалды. Оған байланысты бізге ешкім тұшымды жауап бермей жатыр», - дейді Ж.Садықова.