Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы Денсаулық сақтау департаменті жанындағы Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының міндетін атқарушы Жанар Кәкенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда аталған байқауға қатысуға ниет білдіріп жатқан азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. Бас кезінде олардың саны 450 адам болса, соңғы жылдары темекіні тастауды ниет еткендердің қатары 5 мың адамға дейін толықты. «Биылғы байқауға Астана қаласы бойынша 6000 адам қатысады деген болжам бар. Олардың 8-12 пайызы темекіні толығымен тастап кетеді. Сондықтан, әрине, барлығы тек адамның өзіне ғана байланысты»,-дейді Ж.Кәкенова.
Ж.Кәкенова атап көрсеткендей, байқау барысында темекіні тастаймын деген қатысушылардың қаны үнемі тексеріліп отырады.
20 сәуір мен 20 мамыр аралығында өтетін «Темекіні таста да, денсаулықты ұтып ал!» атты халықаралық байқауына 18 жастан жоғары темекіні 1 жылдан астам уақыт шегіп жүрген Қазақстан азаматтары қатыса алады. Ол үшін қатысам деушілер арнайы тіркеу қағазын толтыруы тиіс. Байқау облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде өткізілмек.