Темекімен күрес кәсіпкерлікке жасалатын рейдтер емес - ІІД

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда елордадағы қоғамдық орындарда жүргізіліп жатқан темекімен күрес іс-шаралары кәсіпкерлікке жасалған рейдтік тексерістер деп санауға болмайды.

Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы Құралай Қарина осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Ішкі істер орган қызметкерлері мен еріктілерден жасақталған арнайы икемді топтардың жұмысы кәсіпкерлік нысандарға жүргізіліп жатқан рейдтік тексерістер деп бағаланып отыр. «Ол дұрыс емес. Астанада жүргізіліп жатқан темекімен күрес кәсіпкерлікке жасалатын рейдтер емес. Заң бойынша ішкі істер органдары тек алдын алу іс-шараларын жүргізуде. Бұл жұмыс жаңа Денсаулық кодексінде қарастырылған. Сондықтан біз заң аясында қызмет етудеміз», - дейді Қ.Қарина.

Бөлім бастығы атап көрсеткендей, жыл басынан бері Астанадағы қоғамдық орындарда темекіні заңсыз шегу оқиғаларының алдын алуға бағытталған 20-ға жуық тексеріс жүргізіліп, 12 заң бұзушылықтар анықталды. «Атап өтер жәйт, егер ойын-сауық орнында отырған адам темекі шегетін болса, заң бұзу жөніндегі хаттама сол адамға толтырылады. Сол жердің қызметкерлері темекі шеккен болса, онда қоғамдық орынның әкімшілігі жауапқа тартылатын болады. Ал жұмыс беруші, яғни ойын-сауық орнының иесі ғимаратта темекі шегетін арнайы бөлмелер қарастырылмаған жағдайда заң алдында жауап береді», - дейді ол.