Темекінің денсаулыққа пайдалы болған жағдайы анықталды
Journal of Biological Chemistry журналында ерекше оқиға жарияланды. Ғалымдар тұқым қуалайтын аурумен науқастанған Германия тұрғынына назар аударған.
«Бұл кісі ешқашан спортшы бола алмас еді, себебі оның қаны оттегінің көп мөлшерін тасымалдай алмайды. Алайда, ол темекі шегіп, анемияның өршіп кетуінің алдын алуда», - деді Хьюстондағы Райсовский университетінің өкілі Джон Олсон (John Olson).
Алғашқыда ГФР азаматының қызы ғалымдардың назарына ілікті. 23 жасар қыздан α1 полипептидтік тізбегі - гемоглобиннің ақуыз құраушысын кодтап, генін мутациялайтын темір тапшылығы анемиясын анықтаған. Соның салдарынан қандағы эритроциттер жасушаларға қажетті оттегі мөлшерін бере алмаған.
Ғалымдар осындай мутацияға ұшыраған қыздың әкесінің қанынан жоғары концентратты көміртегі тотығын анықтады. Белгілі болғандай, германдық шылымқор болған. Ал, көміртегі тотығы оның ағзасындағы гемоглобинді тұрақтандыруға мүмкіндік берген. Осылайша, жаман әдет - оның «тұншыққан» денесіне шипа берген.
ДДСҰ сарапшыларының мәліметіне сүйенсек, темегі шегу салдарынан (яғни, осыдан туатын аурулардан) орта есеппен әрбір сегіз секунд сайын Ғаламшарымыздың бір тұрғыны көз жұмуда. Жыл сайын темекінің кесірінен әлем бойынша бес миллион адам күні бұрын қаза табуда.