«Темір банк» АҚ 2011 жылы 20 жылдағы рекордтық табыс көрсеткішіне қол жеткізді

АЛМАТЫ. 17 сәуір. ҚазАқпарат -  Темір банк ағымдағы жылы табысын 5,4-тен 6 миллиард теңгеге дейін ұлғайтпақ. Оны Басқарма төрағасы Ержан Шайкенов бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Темір банк үшін 2011 жыл өте жемісті болды. Ұлттық банк стандарттарына сәйкес табысымыз  5,4 миллиард теңгені құрады. Бұл 20 жылдағы ең үлкен жетістігіміз. Меншікті капитал 57 миллиард теңгені құрады. Ол 2010 жылға қарағанда 2,5 пайызға жоғары», - дейді Е. Шайкенов. Оның айтуынша, Темірбанк капиталы ҚР Ұлттық банкі мен Базель комитеті ұсынған нормативтерді басып озды. Мәселен Ұлттық банк талаптарына сәйкес ең төменгі көрсеткіш 10 пайыз болса, Темір банкте 17 пайыздан астам. Базель комитетінің талаптарына сәйкес ең төменгі көрсеткіш 8 пайыз болса, Темір банкте 47 пайызды құрайды.

«Енді өткен жылғы көрсеткіштен төмен түскіміз келмейді. Алдымызға амбициялық міндет қойып отырмыз. Биыл қазақстандық стандарт бойынша кемінде 6 миллиард теңге табыс табуды жоспарладық. Қарыз қоржынында  агрессивті емес бірыңғай саясат ұстанамыз. 2006-2007 жылдары кепіл болса болды несие бере беретінбіз. Қазір оған аз назар аударамыз. Банктің клиенттерінің ішінде заңды тұлғалар негізінен шағын және орта бизнес өкілдері », - дейді Ержан Шайкенов.