Темір жол билетін онлайн сатып алған алғашқы 10 адам олжалы қайтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Теміржол көлігінде қызмет көрсетудің жаңашыл түрлерін ұсыну және билет сату арналарын кеңейту мақсатында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы жол жүру билеттерін электронды сатуды дамыту бойынша белсенді қызмет атқаруда.

Аталған компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, тек үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында электронды әдіспен 570 037 билет сатылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 2,5 есеге артты. Таяуда іске қосылып, қазіргі күні жолаушылардың зор ілтипатына бөленіп отырған интернет арқылы билет сатып алу әдісі бұл қызметті оңтайландыра түсті. Бұл әдіс бойынша билетті ресімдеу қашықтан жүзеге асырылып, билет кәдімгі принтер арқылы басып шығарылады. Ал жолаушыларды пойызға отырғызу электрондық тіркеу арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі күні аталмыш әдіс ілкі жоба ретінде Алматы-Астана (№01/02 пойыз), Орал-Астана (№057/058 пойыз), Атырау-Алматы (№077/078 пойыз), Актөбе-Астана (№087/088 пойыз) бағыттарында енгізілген. Қазақстанның барлық аймақтарын электронды сатып алудың осы әдісімен 2015 жылы қамту көзделіп отыр. Интернет желісіне қосылған компьютер арқылы билет сатып алған жолаушы, бұрынғыдай кассаға жүгінбей, тікелей пойызға барады. Қолданысқа енгізілгеніне айға жуық уақыт болғанымен, осы әдіспен сатып алушылар саны 100 адамға жетіп отыр. 2 сәуірде Астана, Алматы-2, Ақтөбе вокзалдарында «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері интернет арқылы билет сатып алған 100 жолаушының алғашқы ондығына сыйлықтар табыс етті. Жолдары болған жолаушылардың арасында Мәлика Зуева, Ержан Кәкібаев, Мұса Бәдірханов, Хамзия Хайдар болды. Осы және Ақтөбе мен Алматы қалаларының вокзалдарынан жолаушылап бара жатқан жолаушыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.