Темір жол билеттерінің қымбаттауы көрсетілетін қызмет сапасына сай болуы тиіс - С.Ахметов

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Темір жол билеттерінің қымбаттауы көрсетілетін қызмет сапасына сай болуы тиіс. Бұл туралы бүгін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның алқа мәжілісінде ҚР Үкімет басшысы Серік Ахметов айтты.

Премьер-Министрдің атап өтуінше, темір жол көлігі билеттерінің қымбаттауы көрсетілетін қызмет сапасына сай болуы тиіс. Бұл ретте жауапты бөлімшелер мен компаниялар басшылары тұрақты түрде пойыздарға мініп, олардағы санитарлық нормалардың сақталуын және қызмет көрсету сапасын тексеріп тұруы тиіс. Өйткені, С.Ахметовтің пайымынша, пойыз бригадасының қызметкерлері вагондарда санитарлық нормаларды сақтау бойынша өздерінің міндеттерін салғырт орындап, жолаушыларды билетсіз тасымалдауға бейім.

«Жолаушылар тарапынан менің блогыма және БАҚ-қа алыс сапарларға шығатын пойыздарға, сондай-ақ қала маңы тасымалдарына шағымдардың түсіп жататындығы құпия емес»,- деді ол.