Темірланда саябақта адасып кеткен 3 жасар қыздың ата-анасы табылды

ТЕМІРЛАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының полицейлері адасып кеткен 3 жасар сәбиді үйіне қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кешкі сағат 21.30 шамасында Темірлан кенті көшелерінің бірінде қызмет барысында Ордабасы АПБ ЖПҚ учаскелік инспекторлары саябақта адасып қалған кішкентай қызды байқады.

Полиция капитаны Тимур Манабаев пен полиция лейтенанты Еламан Спабеков табылған сәби туралы дереу кезекші бөлімге хабарлап, оны полиция бөліміне жеткізді.

Тәртіп сақшылары жоғалған баланың ата-анасын іздеуге дереу кірісті. Олар қыздан қайда тұратынын сұрауға тырысты, бірақ нақты жауап ала алмады.

Содан соң полиция жаяу жүргіншілер мен дүкен иелерінің және жол бойындағы тамақтандыру орындарын тексеруге кірісті.

Жақын маңдағы полиция пукнтеріне хабар берді.

Жарты сағаттан кейін полиция қызметкерлеріне жоғалған қыздың атасы келді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Ақсақалдың айтуынша, ол немерелерімен бірге «Арбат» саябағына серуендеп жүргенде немересінен көз жазып қалған. Учаскелік инспекторлар табылған 3 жасар қызды аман-есен атасына қайтарды.

Өз кезегінде аудан орталығының тұрғыны қырағылық танытып, жоғалған немересін жедел тауып алған тәртіп сақшыларына алғысын айтты.

Түркістан облысының полицейлері ата-аналар мен ересектерге балаларға, әсіресе қоғамдық орындар мен мекемелерге барған кезде мұқият болу қажеттігін ескертеді.

«Балаларды бір минутқа қараусыз қалдырмаңыз, өйткені олар көпшіліктің арасынан оңай жоғалып кетуі немесе үйден белгісіз бағытқа шығып кетуі мүмкін. Балалар жоғалған жағдайда дереу полицияға 102 телефоны бойынша хабарласып, өз бетінше іздеуге уақыт жоғалтпау керек» деп ескертеді полиция.