Теміртау қаласы прокурорлары жер қатынастары саласында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтады

АСТАНА. 3 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қарағанды облысы Теміртау қаласының прокуратурасы жер қатынастары бөлімінде тексеріс жүргізу барысында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтады.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.

«Тексеріс барысында шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштерін негізсіз созып, әуре-сарсаңға салып қарау, жер учаскелерін сатып алу-сату, жалға беру келісім шарттарынан бюджетке төлемдерді уақытында алмай жасау деректері анықталған. Сонымен қатар Самарқан су қоймасының су қорғау аумақтары мен белдеулерінде орналасқан жер учаскелерін су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органның келісімінсіз ұсыну деректері де белгілі болды», - делінген баспасөз айғағында. Атап айтқанда, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің 13 өтініштері жер қатынастары бөлімі тарапынан белгіленген мерзімнен артық қаралған. Бұл кәсіпкерлердің құқықтарын бұза отырып, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық болып табылады. Тексеру барысында жер учаскелерін сатып алу-сату жөніндегі 9 келісімшарт, жер учаскелерін жалға беру келісімшарттары бойынша жалпы сомасы 2 млн. 869 мың 343 теңгеге берешектер болғаны анықталды.

«Сонымен қатар, Самарқан су қоймасының су қорғау аумақтары мен белдеулерінен пайдалануға ұсынылған жер учаскелері жөнінде, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу шаралары қабылданды. Жер қатынастары бөлімінің заң бұзушылыққа жол берген басшысы сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - делінген баспасөз айғағында.