Теміртауда кассирге пышақпен шабуыл жасаған ер адам қамауға алынды

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Теміртаудың 30 жастағы тұрғыны екі айға қамауға алынды. Тергеу нұсқасы бойынша, ол шағын несие ұйымының кассиріне пышақпен шабуыл жасап, 174 мың теңгені қолды еткен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Теміртау қалалық сотының тергеу судьясы Теміртау ІІБ тергеушісінің өтінішхатын қанағаттандырып, «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасын санкциялады. Бұлтартпау шарасының мерзімі - екі ай», - деп хабарлады Теміртау қалалық сотының баспасөз қызметінен.

Микрокредиттік ұйымға жасалған қарақшылық шабуыл бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Видеодан қылмыскердің есікті ашпақ болғаны көрінеді, ал есік құлыптаулы болған. Кассирмен болған шағын диалогтан кейін витринаны жұдырықпен ұрып сындырып, жұмыс үстеліне асып түскен. Үрейі ұшқан кассир қыз қашпақ болып, есікке қарай ұмтылады. Бірақ қылмыскер оны пышақпен қорқытып,  киімінен сүйрей ішке қайтарады. Ол кассадан 170 мың теңгені алғаннан кейін, қызды орнына қайта отырғызып, жұмысын жалғастыруға мәжбүрлейді. Одан соң жеңінен пышақты қайта алып шығып, қорқыта бастайды.

Жол-патрульдік полициясының батальон жасағы 30 жастағы ер адамды ізін суытпай ұстады. Ол қылмысын мойындады және жәбірленуші оның түр-әлпетін таныды. ҚР ҚК-нің 192-бабы 2-бөлігіне («Қарақшылық») сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар