«Көп қабатты үйдің қоқыс жәшігінен аула тазалаушы дүние есігін енді ашқан шарананың өлі денесін тауып алған. Бұл жайлы ол ПИК-ке хабарлаған, оның басшысы дереу полицияға хабар берген. Оқиға орнына жедел жеткен тергеу тобы баланың жолдасы мен әйел адамның киімін тапқан. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 97 бабына («Жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі») сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазір қасақана қылмысқа барған әйелдің кім екенін анықтауға қатысты жедел тергеу шаралары жүргізілуде, - дейді Теміртау қаласы прокуратурасының қызметкерлері.
Құқық қорғау органының өкілдері қалада мұндай оқиғаның екінші рет тіркеліп отырғанын айтады. 2013 жылы 15 желтоқсанда қалалық қоқыс үйетін орыннан да шарананың мәйіті табылған. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалса да, күні бүгінге дейін қастық жасалған сәбидің анасының аты-жөні анықталмаған.