Теміртауда мыңнан астам тұрғын үй қажетті деңгейде жылытылмай тұр

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Теміртаудағы 1 082 көпқабатты тұрғын үйдің радиаторларына жылу қажетті температурадан 9 градусқа аз беріліп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жылу жетіспеушілігіне 2-ші Жылу электр орталығындағы №2 қазандық агрегатының жөнделіп жатқаны себеп болған. Теміртау әкімдігі баспасөз хатшысы Ольга Горячеваның айтуынша, жылудың қажетті температурадан 9 градус төмен берілуі - таңғы 10-дағы көрсеткіш.

«Таңғы 10-да сырттағы ауа температурасы минус 34 градус болды. ЖЭО-2 алты қазандықпен жұмыс жұмыс істеп тұр. Қысым 9,2/1,9. График бойынша температура - 104/58, ал іс жүзінде - 95/50. Кешке қарай жағдай оңалады деп ойлаймын», - дейді Ольга Горячева.

Еске сала кетсек, 22 қаңтар күні Теміртаудағы ЖЭО-2 №2 агрегаты жөндеуге байланысты жұмысын тоқтатқан болатын. Соның салдарынан теміртаулықтардың үйі суып кетті.