Теміртауда өрттен жас бала ажал құшты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Теміртауда үйдегі диваннан шыққан өрттің салдарынан түтінге тұншыққан төрт жасар қыз ажал құшып, оның ата-анасы мен ағасы (ол да жас бала) ауруханаға жеткізілген, деп хабар береді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт Победа көшесіндегі бес қабаттық үйдің екінші қабатындағы пәтерден шыққан. «Өрт шарпыған жер айтарлықтай үлкен болмаған. Оның аумағы алты шаршы метрді қамтыған. Диванның қаптамасы жанған», - дейді өңірдің ТЖ жөніндегі департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Өрт сөндірушілер ес-түссіз жатқан төрт адамды тапқан, олар: ер адам, әйел кісі және екі бала. Кішкентай қыз «Жедел жәрдем» машинасында қайтыс болған. Аурухананың қабылдау бөлмесіндегілер ер, әйел және баланың жан сақтау бөлімінде жатқанын айтты. «Өрт-техникалық сараптамалары жүргізіліп, өрттің шығу себептері анықталуда», - делінеді ТЖД мәлімдемесінде.