Теміртауда салық қызметкерлері кәсіпкерлерден пара бопсалағаны әшкереленді

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Теміртауда салық қызметкерлері кәсіпкерлерден пара бопсалағаны әшкереленді.

Бұл туралы бүгін елордада ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

Ресми өкілдің айтуынша, Қарағанды облысы Теміртау қалалық салық басқармасының лауазымды тұлғаларының салықтық тексерістер бойынша оң актілер шығару үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара бопсалағандығы анықталды.

«Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде осы салық басқармасының бөлім бастығы Есенбаев пен бас маманы Манашов кәсіпкерден «Восток-107» ЖШС-ін тарату бойынша салықтық тексерісті тездету үшін 7 мың АҚШ долларын және «К-PROJECT» ЖШС-ін тексеру кезінде заң бұзушылықтарды айқындамау үшін 20 мың АҚШ долларын талап еткендігі белгілі болды», - деді ол.

М.Жұманбайдың сөзіне қарағанда, олар параны валюта айырбастау пункті арқылы алудың тәсілін ойлап тапқан. «Ағымдағы жылғы 5 наурызда Манашовтың 7 мың АҚШ доллары көлемінде және 29 наурызда 20 мың АҚШ доллары көлемінде пара алу фактілері таспаға түсіріліп алынды. Қылмыстық іс тергелуде. Манашов сот санкциясымен қамауға алынды», - деді ресми өкіл.