Теміртауда суға кеткен оқушы қыз іздестіріліп жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Теміртау қаласындағы ТЖ басқармасы сүңгуірлері екі тәулік бойы Нұра өзенінен 14 жастағы қызды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қызды өзен ағыны алып кеткен деп болжанып отыр.

Қайғылы оқиға 29 мамыр күні кешке болған, алайда осы уақытқа дейін қыздың денесі табылған жоқ.

«Бұл жердегі судың ағыны қатты. Күшейген жел іздестіру жұмыстарын қиындатып тұр», - дейді ТЖ басқармасының аға құтқарушысы Илья Папилов.

Балалардың ағашқа байланған арқанда тербетіліп, өзенге секіріп ойнағандығы  анықталды.

«Қазір ауа райы қолайсыз болып тұр - жел, сол себепті су да тұнық емес. Жоғалған баланы табуға барлық күш жұмсалып жатыр»,- дейді судан құтқару станциясының басшысы Михаил Шуленин.